Футзалдан Рудный қаласында өткен Қазақстан Республикасының біріншілігінде жүлдегер атанған мақаттық жас футболшыларды жерлестері құрметпен күтіп алды.
Жасөспірімдер арасында өткен жарыста үздік үштікке іліккен мақаттықтар жартылай финалда Рудный қаласының «Аят-2008» командасымен тең түсіп, пенальти сериясында есе берді. Бірақ қола жүлде үшін өткен бәсеке кезінде маңғыстаулық «Мұнайшы» командасын 3:2 есебімен қапы қалдырды. Жалпы 15 команда бақ сынаған жарыстың бірінші кезеңі қаңтар айында Алматы қаласында өткен болатын. «Мақат БЖСМ» командасы топтық кезеңде 14 ойын өткізіп, оның 9-ын ұтса, 3 ойынды тең аяқтап, 2-еуінде жеңілді. Осылайша топтық кезеңде екінші орынға ие болып, финалда қола жүлдегер атанды.
«Чемпионат өте жақсы деңгейде өтті. Алдыңғы жылы екінші орын алдық, биыл үшінші орын бұйырды. Осы жолы Мақат ауданының атын шығарып, чемпион атанамыз деп ойлаған болатынбыз. Бірақ бұйырғаны үшінші орын болды. Болашақта чемпион боламыз деген үмітіміз бар»,- дейді «Мақат БЖСМ» командасының капитаны Расул Ерболұлы.
Қазіргі кезде аудан жастарының футболға деген қызығушылығы жоғары. Ержан Шарафиев және Әнуар Теңдібай жетекшілік ететін Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі футзал үйірмесіне 7-16 жас аралығында 500-ге жуық бала қатысады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА