Династияның дара жолы

(0 Votes)

Тоғыз жолдың торабында тәулікпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп келетін теміржолшылардың тірлігі – кәсіби еңбектің кәнігі маманына айналдырады.

Өндірісті өлкенің сала қызметіне асқан жауапкершілікпен қарау – қатаң тәртіптің кепілі. Теміржолшылар династиясында дара жолды таңдап, ұрпақ сабақтастығын жалғап келетін аудандағы еңбек ұжымдарында үлгі тұтар замандастарымызға артылар сенім де жоғары.

Мақат локомотив пайдалану депосы Атырау теміржол бөлімшесіндегі ірі кәсіпорындардың бірі. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын ғана кәсіпорынның құрылғанына жарты ғасыр толған мерейлі белесі аталып өтті. Осы жылдар барысында депо ұжымында көптеген еңбек династиялары, майталман мамандар тәрбиеленді, теміржол кадрларының ұстаханасы болды. Өндірісті ұжымда еңбек жолын бастап, қатардағы тепловоз жөндеушіден мекеме басшыларының біріне дейін көтерілген Сағындықов Аман Орынғалиұлының еңбекқорлығы әріптестеріне үлгі. Ол қазірде Атырау теміржол бөлімшесінде локомотив шаруашылығының қозғалыс қауіпсіздігі бойынша ревизоры болып еңбек етуде.

Туып, өскен ауылында еңбекке араласып, өмір белестері іскерлікке бейімдеген жан 1991 жылы Мақат локомотив депосына жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Әкесінің жолын қуып, теміржолшылар династиясын жалғаған қадамында Аманның алар асуы биіктей берді. Техникалық байқау пунктінде (ПЛАУЭН) еңбек еткен жылдары тепловоздардың ақауларын сапалы жөндеуге үйренді. Ауыр еңбекке шыңдалады. Сөйтіп, 1993 жылы Атырау теміржол мкетебіне курсқа жіберіледі. Курстың теориялық негізін жақсы меңгерген Аман депода машинист көмекшісі болып жаңа қызметін бастады. Алғашқы тәлімгер машинистер А.Тәжібаевтан, Ж.Бозжігітовтен, Ж.Төлегеновтен көп тәжірибе алады. Тепловозды күтудің, қозғалыс қауіпсіздігінің маңыздылығын, тасымал қызметінің мәні мен мағынасын ұғынды. Әрдайым әр ісіне мұқият болудың, теміржол тәртібін қатаң сақтаудың маңыздылығын түсінді, жадына сақтады.

Атырау, Сағыз, Бейнеу бағыттарына бригада құрамында пойыз құрамдарын тартып, халық шаруашылығы жүктерін тасымалдауға өз үлесін қосты. Машинистің көмекшісі болып жұмыс жасаған жылдары тепловоздардың құрылымы мен қызметін жете меңгерді.

Оның ізденісті еңбегі ескеріліп, 2002 жылдың күзінде Ақтөбе қаласындағы арнайы техникалық мектептің машинистер курсына жолдама берілді. Курсты бітіріп келген Аман Орынғалиұлы тепловоз машинисі етіп қызметке кіріскенде алған теориялық білімін біліктілігімен айшықтай түсті. Әріптестері Т.Қосмағамбетов, Т.Мәженов сынды тәжірибелі машинистерден тәлім ала жүріп, өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретті. Осылайша өзі де тәжірибе жинақтаған машинист шәкірт те тәрбиелейді.

Білімге ынтасы зор Аман Орынғалиұлы қызметінен қол үзбей жүріп, Қазақ жол қатынастары университетінде оқып, оны 2008 жылы тамамдап, инженер-механик мамандығын да алды.

Осылайша сатылап, білімі мен еңбек тәжірибесін толыстырған А.Сағындықов 2004 жылдың қарашасында машинист - нұсқаушы қызметіне тағайындалды. Қызметіне жауапкершілігі зор Аман Орынғалиұлы сенімді ақтай білді. Бригадалардың қызмет бабындағы міндеттерін орындауына қатаң талап коя отырып, өз ортасымен тіл табысып жұмыс жасады.

Әрине, түйткілді мәселелер бойынша басшылар алдында нақты пікір ұсыныстарын жеткізу мен оң нәтижелерге жету – жауапкершілікті талап етеді. Осы бағытта әріптес ағалары Амангелді Аралбеков (марқұм), Арыстан Шыныбеков, Берік Қалиев, Тарғын Аралбековтердің кеңестері келешекке серпін берген еді.

Қандай қызметті жүктесе де ойдағыдай атқаруға қабілетінің мол екендігімен танылған машинист – нұсқаушы Аман Орынғалиұлы Атырау теміржол бөлімшесі басшылығының ұйғарымымен 2007 жылдың қараша айында Мақат локомотив пайдалану депосы директорының пайдалану жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады. Арада алты ай өткеннен кейін депо директорының өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымына бекітіледі. Депо басшыларының бірі ретінде еңбек өнімділігін арттыру, қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, өндіріс құрылымдарының қызметін жетілдіру бағытында көптеген істерді ұжым басшылары болған Қ.Таутанов, Қ.Төретаев, Т.Исағалиевпен қызметтес болған жылдары өзекті мәселелерді, орып алған кемшіліктерді сараптап, нақты шаралар белгілеуге, оларлың орындалуына күш салады.

Тәжірибелі басшы А.Сағындықов 2011 жылдың күзінде Атырау теміржол бөлімшесіне қызметке шақырылады. Локомотив шаруашылығының қозғалыс қауіпсіздігі бойынша ревизоры лауазымына тағайындалған ол қызметін абыроймен атқаруда.

Аман Орынғалиұлының теміржолдағы адал еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол «Локомотив» АҚ Құрмет грамотасымен, «Қазақстан теміржолына 110 жыл», «Мақат локомотив депосына 50 жыл» белгілерімен марапатталды. Оның басқа да мақтау қағаздары мен алғыстары - еңбегінің бағасы.

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде болат магистраль саласында, оның локомотив шаруашылығында еңбек етіп жүрген А.Сағындықов теміржол саласынның дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан тұлғалардың бірі деп есептеуімізге толық негіз бар.

Л.НҰРБАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521