Осыдан 35 жыл бұрын, 1986-шы жылдың 26-шы сәуірінде Украинаның Чернобыль қаласындағы Атом Электр Стансасының төртінші блогы жарылып, әлем тарихындағы алапат апаттардың бірі орын алды. Айтып келмеген апатқа аңтарылып, әлемді үрей билеп тұрған сәтте оның зардабын жоюға жүз мыңдаған сарбаз жолға шықты. Жүрекжұтқан жауынгерлердің қатарында жерлес ағаларымыз да бар еді.
Атаулы мерзімге орай аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ерлеріміздің ерлігі тағы бір мәрте ұлықталды. Алдымен жиылған жауынгерлерімізге аудан әкімінің алғыс хатын оның орынбасары А.Шаңғалаев табыстап, ерлеріміздің дендеріне саулық тіледі. "Сіздің апаттың салдарын жою жолындағы өмір белестеріңіз өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялатады. Халқыңызға, туған жеріңізге адал қызмет ете білгендігіңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін" делінген алғыс хатта.
Өз кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Халенов мұндай шаралардың жылма- жыл жалғасын таба беруіне тілек етіп, радиацияның ортасында отан алдындағы борышын өтеудің оңай еместігін жеткізді.
Бүгінде ауданымызда апатты жоюға атсалысқан сегіз ардагеріміз бар екен. Олардың алдыңғы легі Украина жеріне 1986 жылы табан тіресе, екіншісі 1988 жылы аттанған. Аудан әкімдігіне жүрекжарды лебіздерін білдірген ардагерлер жиын барысында естеліктерімен бөлісіп ,мұндай зұлмат күндердің енді адамзат тарихында кері қайталанбауын тіледі.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан