«Біз соғыс үшін емес, тыныштық пен бейбіт өмір үшін аттандық»

«Біз соғыс үшін емес, тыныштық пен бейбіт өмір үшін аттандық»
Сурет автордікі
(1 Vote)

Сұм соғыс... Қыршын кеткен сан ғұмыр... Бірін қолынан, бірін аяғынан айырып, енді бірін мәңгілік келместің кемесіне аттандырған да сол қан майдан. 1978 жылы Ауғанстан жерінде басталған дүмпу он жылға созылған сұм соғысқа айналды. Ал, 1979 жылдан бастап Кеңес әскерінің қатарындағы сарбаздар интернацоналдық борышын өтеу үшін Ауған жеріне кіргізіле бастады. 

Ел тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп, ерлік пен елдіктің қайталанбас үлгісін көрсетіп, соғысқа ауданымыздан аттанған батырларымыз аз емес. Бақандай он жылға созылған сұрапыл соғыс Ауған ардагерлерінің жадында мәңгілік сақталып қалды. Қазіргі таңда ауданымызда Ауған соғысына қатысқан 18 ардагер тұрады. Басын бәйгеге тігіп, ел тыныштығы үшін күрескен ардагерлеріміздің бірі – Қанапиев Талғат Қопанұлы. Тау мен тасты жер етіп, бүкіл адамзатты дүр сілкінткен Ауған соғысының аяқталғанына биыл 35 жыл. Осынау айтулы күнде ардагер ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Аға сұхбатқа келіскеніңізге рахмет! Сұм соғыс жылдарын көзбен көріп, жүрегімен түсінген ардагерлерден Ауған соғысы туралы тыңғылықты біліп, сіздердей қайталанбас тұлғаларды бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі етіп, насихаттауға ұйытқы болғымыз келіп отыр. Әңгімеміздің басын өмірбаяныңыздан бастасақ?

– Мен 1967 жылдың 15 тамызында Мақат кентінде дүниеге келдім. Ал 1984 жылы Х.Санбаев атындағы орта мектепті бітіріп, алғашқы еңбек жолымды Мақат локоматив депосында бастадым. 1985 жылы ДОСААФ мектебіне механик мамандығы бойынша оқуға түскен болатынмын. Бар ғұмырымды теміржол саласына арнап келемін. Қазіргі таңда машинст көмекшісі болып қызмет атқарамын.

– Ауған жеріне әскерге қашан, қалай аттандыңыз?

– 1985 жылы Мақат аудандық әскери комиссариатынан КСРО Қарулы Күштері қатарына аттандым. Сол кезде небәрі 18 жастағы бозбала едім. Менімен бірге Қуандық Дүйсенов, Қайрат Тоғабаев, Мұрат Меңдіғалиев, Мақсот Шонаев секілді үзеңгілес жолдастарым болды.

– Ауғанстанның қай өңірінде әскери қызметіңізді атқардыңыз?

– Ауған жеріне бармай тұрып, алдымен алты ай Түркіменстан қаласында сержанттарды дайындайтын курстан өттік. Кейін 1986-1987 жылдары Ауған жеріне аттанып, Перевал, Саланк деген жерде сержанттар отрядының командирі болып әскери борышымды өтедім. Сондай-ақ №40 әскери бөлімінде жаяу әскердің құрамында болдым.

– Соғыста қандас бауырларыңыз болды ма?

– Иә, ауылдан бірге аттанған жолдастарым болды. Кеңес үкіметінің әскері болғандықтан КСРО мемлекеттерінің барлығынан бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдері көп болды. 15 мемлекеттен жиналған жауынгерлер өзге елде жан алысып, жан берісті. Тіпті сонау Сібірден, Тува жерінен өз еркімен әскерге келген жауынгерлер де болды.

– Сұрапыл соғыс жылдарында есте қалған оқиғаңыз?

– Ұрыс даласы болған соң қиын сәттер көп болды. Қасымыздағы өзбек досымыздан айырылып қалдық. Бәрін көзбен көрсек те, әрі қарай күресуімізді тоқтатпадық. Қызық оқиғалар да болды. Біз қоныстанған жер таудың басы болатын. Бір күні қазақтарды бір адам іздеп келіпті. Сөйтіп, төменге түсіп барсақ, Ауған жерінің тұрғылықты тұрғыны өзіміздің қандас бауырымыз екен. Қазақстанның Қызылжар деген жерінің тумасы болып шықты. Ата-бабалары ашаршылық заманында осы жаққа қоныс аударған екен. Қазақ деген ұлттың қандай болатынын көзбен көргісі келіп, бізді іздеп келіпті. Содан барлығымыз біраз әңгіме айтып, шер тарқатқан едік.

– Ауған жерінен шығу қалай жүзеге асты?

– Әскери қызмет 2 жылдық мерзімге созылды. Кабул қаласынан Ташкент қаласына содан бұрынғы Гурьев қазіргі Атырауға келдім. 1987 жылдың қараша айында Мақатқа аман-есен жету бұйырды.

– Қазіргі өскелең ұрпақ бойына Отансүйгіштік сезімді ұялату үшін не істеуіміз керек?

– Сұрапыл соғыс жылдарын суреттейтін деректі фильмдерді көрсету, ауған жауынгерлерімен кездесу, мектептерге ардагерлердің деректермен толтырылған арнайы бұрыштар жасау сияқты іс-шараларды қолға алуымыз керек. Сонда ғана бейбіт күнде ел қорғайтын сарбаздар санының артуына ықпал ете аламыз.

– Аудан тұрғындарына, ардагер жолдастарыңызға деген ізгі тілегіңіз болса?

– Сұм соғыс болмасын! Бүгінгі, келер ұрпақ тек бейбіт күнде өмір сүрсін. Аспанымыз ашық болсын! Елдің тыныштығы мен бейбітшілігі мәңгілік болсын!

– Бүгінгі сұхбатқа келіскеніңізге алғыс білдіреміз! Сізге тек зор денсаулық пен ұрпақ қызығын көруді тілейміз! Ел үшін жан аямайтын өздеріңіздей қас батырларымыз, ардагерлеріміз аман болсын!

P.S. Бейбіт күннің әр таңы – үлкен олжа. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Тарихтың қатпарлы бетін ақтару, сыр шерту, бүгінгі ұрпаққа насихаттап, үлгі ету біздің борышымыз. Азаттықтың ақ таңын көзіміздің қарашығындай сақтап, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүру келер ұрпаққа да бұйырсын! Бабалардың басын бәйгеге тігіп, аналардың жанарына жас берген сұм соғыс енді ешқашан болмасын!

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT