Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов көпбалалы аналарды қабылдап, оларға салтанатты түрде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін табыстады.
Төсбелгілерді тақпас бұрын Ербол Қонысбайұлы ананың, әйелдің қоғамдағы орны туралы айтып, барлық нәзікжандыларды бүгінгі салтанатпен құттықтады.
– Көпбалалы ана – бұл мемлекеттің алтын діңгегі. Өмірдің барлық жағдайында ата-ана тәрбиесінің орны орасан зор. Балаға ананың қамқорлығын, жылуы мен мейірімін ешбір адам баласы бере алмайды. Қоғамда көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жыл санап артып келеді. Сіздермен өмір басталады. Сіздер барда, әлем бар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты аналар, оның ішінде көпбалалы қыз-келіншектер көп болғай. Әрбір шаңырақта татулық, береке, ырыс-ынтымақ болсын,- деп сый-сияпатын табыс етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы №439 Жарлығына сәйкес, Мәдина Жаумитова «Алтын» алқа иегері атанса, Айгүл Дюсегалиева, Толғанай Жансұлтанова, Асел Ташиева, Мөлдір Қошанова «Күміс» алқамен наградталды.
Басқосуда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотов және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов құттықтау сөз сөйлесе, «Алтын алқа» иесі Мәдина Жаумитова аналар атынан ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда «Алтын алқа» иелері – 211 болса, «Күміс алқа» тағынған 359 ана бар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА