Мақатта Ауған соғысы ардагерлері ардақталды

Мақатта Ауған соғысы ардагерлері ардақталды
Суреттер автордікі
(0 Votes)

 Кеңес одағы тұсында тарих бетіне қасіретімен қара белгі болып қалған соғыстың бірі – ол ауған соғысы. Өмір мен өлімнің ортасында азаматтық борышын өтеген сан мыңдаған жас өркеннің тағдырына көп өзгеріс әкелген де осы сұрапыл соғыс. Биыл – кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл. Осы айтулы датаға орай аудандық мәдениет үйінде «Ауған алауы – жадымызда» атты салтанатты іс-шара өтті. 

Кеш барысы алдымен Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Одан кейін сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов 1979-1989 жылдары аралығында қанды шайқасқа қатысып, батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

– Тарих қойнауында қара әріппен жазылған ауған соғысы аяқталып, жауынгерлеріміздің майдан даласынан шығарылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Сол кездегі өрімдей жастар біріміздің аға-бауырымыз, енді біріміздің әкеміз елдік, әскери антын өзге елде абыройлы атқарып, елдікті жоғары қойып, жаужүрек жауынгерлеріміздің біршамамасы ортамызда отыр. Соғыста олар Кеңестік дәуірдегі интернационалдық борышына адалдық танытып, кеудесін оққа, аяғын шоққа тірей, қаншама бейкүнә жандардың өміріне араша тұрды. Бұл соғысқа мақаттық азаматтар да аттанып, әділдік таңын аттыруға үлкен үлес қосқан. Уақыт өткен сайын тарих томы қалыңдап, жауынгерлеріміздің ерлігі Ұлы Отан соғысының ардагерлері іспеттес кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге болары сөзсіз, - деді Е.Ермағамбетов.

Сонымен қатар, өз кезегінде аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Ертуған Қасымжанұлы ержүрек жауынгер жандарды әрқашан құрметтеу керектігін айтып, бұл соғыс тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қалатындығын жеткізді. Ал, ауған соғысының ардагері Кенжебек Тағабергенов болса, соғыс жылдарын бір сәт еске алып, келешек жастарды отансүйгіштікке шақырды.

Шара барысында Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Жақсыбай Қазанғаповтың туыстарына және өмірден озған ауған ардагерлерінің жұбайларына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Кеш аудан өнерпаздарының патриоттық тақырыптағы концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Жасұлан Сисембаев «Господа офицеры», Берік Амантаев «Япурай», «Мақат әуендері» вокалдық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен Ақылбек Тілеуқұлов және Гүлнар Ишанғалиева «80-ші жылдар» әндерін шырқаса,«Шаттық» би тобы «Қазақ» биін мың бұрала биледі. Ал, Азамат Елубаев «Ауған ардагерлері» әнімен кешті қорытындылады.

Сондай-ақ шара барысында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен тақырып аясында көрме жасақталып, көрерменге ұсынылды.

Айта кетейік, Ауғанстан жерінде болған ұрысқа 22000 қазақстандық қатысып, оның 701 жауынгері қаза болса, 484 адам елге мүгедек болып оралып, 20 жауынгер хабарсыз кеткен болатын. Ал, ауданнан 33 азамат Ауған жерінде жауынгерлік борыштарын өтеді. Олардың біреуі елге жетпей, қаза тапқан еді. Бүгінгі күні ауданда көзі тірі 18 Ауған соғысының ардагері бар.

Кешегі күн – бүгінгі тарих. Сонау сұрапыл шайқасқа қатысқан қаһарман ардагерлеріміздің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болып, мәңгі жадымызда сақталары сөзсіз. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT