21 маусым күні Бәйгетөбе ауылдық округі аймағында сағат 10:00-дер шамасында дала өрті тұтанғаны жөнінде аудандық полиция бөліміне шұғыл хабар келіп түсті. Жалыны бет қаратпай, айналаны әбігерге салған тілсіз жауды алдымен ауыздықтау үшін еріктілер жұмылды.
Дер кезінде оқиға орнынан табылған өрт сөндірушілер көзді ашып-жұмғанша тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді.Қас қағым сәтте айналаның астан-кестенін шығарған өрт салдарынан бір адам ес-түссіз қалды.
Көмекке ұмтылған жедел жәрдем қызметкерлері шұғыл медициналық көмек көрсетіп,науқасты орталық ауруханаға алып кетті. Өрт болған орынның қалдығын табиғат жанашырлары тез арада жинауға кірісті.
Өртті ауыздықтауға жалпы 19 техника жұмылдырылды.
Абырой болғанда, жоғарыда аталған жәйттің бәрі аудан көлемінде далалық жерде ықтимал өрт пайда болған кезде, ерікті өрт сөндіру жасақтарының және мекеме, ұйымдарының дайындық деңгейін анықтау мақсатында өткізілген жиында жасанды түрде орын алды.
Әр кез төтенше жағдайдың алдын алу үшін ұқыпты әрі сақ жүрейік.
А.Садыков,
суреттер автордікі