19 маусым күні Мақат ауданы әкімі Жұмабай Қарағаев жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдады.
Қабылдау жаңадан ашылған «Adaldyq alany» кабинетінде өтті.
Қабылдау барысында аудан азаматтары балабақшаға баласын орналастыру, ток күшеюі салдарынан тұрғын үйіне келтірген шығындарды өтеу, тұрақты жұмысқа орналасу, шипажайға жолдама алу секілді мәселелерді алға тартты. Тұрғындардың қойған мәселесіне орай аудан әкімі Жұмабай Ғаббасұлы заң аясында жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырманың орындалыс табуын жіті бақылауды тапсырды.
Айталық, 2017 жылы туған бөбегін балабақшаға орналастыра алмай жүрген Э.Мырзағалиқызы маусым айының 13 күні garden.makat.atyrau.gov.kz жүйесі арқылы жолдама кезегін неліктен ала алмағанын сұрап келді. Бұл сұраққа аудандық білім беру бөлімінің бастауыш және мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу әдіскері Мейрамгүл Таубайқызы: "Балабақшалардағы салынған бос орындарға біріншіден, тұрғынның кезегі келмеген және бөбектің жасы бір жас тоғыз ай болғандықтан, автоматты түрде бірінші кіші топтағы балалардың санаты бойынша кезекке ауысады. Қазіргі таңда 176-шы болып кезекте тұр. Кезегі келген балаларға білім бөлімі бес күн ішінде жолдама кезегінің жақындағаны туралы ескертпе жасап, телефон қызыметін тексеруді қаперге береді. Егер де алдыңғы кезектегі балалар 5-6 күн ішінде жолдаманы алмаса, онда барлық кезекте тұрған балаларға жолдама алу қолжетімді болады. Ол үшін басқа да кезекте тұрған тұрғындардан тезірек қимылдап үлгеруі керек. Ал бұл жүйедегі қолжетімділік бәріне ортақ. Және базалық жүйе түрінде реттелетін болғандықтан, аудандық білім беру бөлімінің қатысы жоқ",- деп жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы - Әдеп жөніндегі кеңес Төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов әкімдіктерде «Adaldyq alany» кабинетін ашу жөнінде тапсырма берген болатын.
Аудандар арасында алғаш боп жұмысын бастаған "Adaldyq alany" кабинеті әкімдіктің бірінші қабатында заманауи талапқа сай қызмет көрсете бастады. Азаматтардың аудан басшыларына көкейдегі сауалдарын қойып, жауап алуына осы алаңнан толық мүмкіндігі бар. Адалдық, ашықтық, әділдік ұстанымына сәйкес қабырғалары әйнектен жасалған.
Енді азаматтардың сұрақтары жөнінде аудан басшыларының, бөлім басшыларының қабылдауы осы алаңда өтетін болады.
А.Садыков,
сурет автордікі.