Қандай сәт болмасын антына адалдық таныта білу өз кәсібіне шынайы берілген әрбір сақшының бойындағы асыл қасиет.
Сейсенбі күні аудан әкімі Ринат Хисаұлы 5-ші маусым күні Мақат кентіндегі көп қабатты тұрғын үйдің бірінде бүлдіршіндердің терезеден құлап кету қауіпін дер кезінде анықтап, жедел шешім қабылдай білген жергілікті полиция қызметкерлерін қабылдады.
Өз ерліктерімен танылған полиция майоры Тойғожа Азбергенов, полиция аға лейтенанттары Ренат Исемғалиев және Аслан Мұсаевқа алғыс хат және естелік сыйлық табыс етілді.
“Жедел әрі сауатты әрекет ете білу сіздер секілді қырағы кәсіп иелерінің ғана қолынан келетін іс. Кешегі батыр бабаларымыздың бойындағы батыл қасиетті бейбіт заманда көрсете білген бүгінгі күннің батырлары қашанда елдің ыстық ықыласына ие. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Абыроймен халыққа қалтқысыз қызмет ете беріңіздер”,-деді Ринат Хисаұлы өз алғысын білдіріп.
Сондай-ақ, қабылдауға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов осы саланың ардагері ретінде өз ілтипат білдіріп, тәртіп сақшыларына қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қызметтеріне сәттілік тілдеді.
М.СЕРІКҚЫЗЫ