Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мақсаты биліктің жоғарғы деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жедел әрекет ету болып табылады.
Еліміз егемендік алған алғашқы күннен бастап, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің тиімді жүйесін қалыптастыру басты назарда. Осы ретте аудан әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Жандос Бөлекбаев Мақат, Доссор кенттері және Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлерімен арнайы кездесіп, Әдеп Кодексі талаптарының сақталуы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында Жандос Талғатұлы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне күнделікті қызметте әдептілік нормаларын сақтауды және заңнамалық талаптарды бұзбау жайлы тоқталып өтті.
Кездесу барысында «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Президенттің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі жаңа редакцияда бектілгендігі және осы кодексте мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалғандығы кеңінен түсіндірілді.
Олар: адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық және клиентке бағдарлану.
Сондай-ақ, аталған кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттеріне негізделіп, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және парасаттылық атмосферасын құруға бағдарланғандығы жөнінде түсінік берілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, мемлекеттік қызметшілер көкейдегі сұрақтарына тұщымды жауап алды.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Жандос Бөлекбаев әрқашанда әрбір қызметкер қоғамдағы адамгершілікке жат әрекеттерден сақ болып, тәртіп пен жауапкершілікті үнемі назарда ұстау керектігін атап айтып өтті.
М.Серікқызы