Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданның «Құрметті азаматы» атағын беру шарасы өтті.
Ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтарға «Құрметті азамат» куәлігі мен төс белгіні аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы табыстады. Аудан басшысы азаматтардың ерекше еңбегін атап өтіп, оларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
«Сіздер бәрімізге үлгісіздер әрі жоғары марапат пен құрметке лайықсыздар. Аудан тұрғындары мен өз атымнан жанқиярлық еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін және өркендеулеріңізді тілеймін», - деді Ш.Кейкин.
Ауданның «Құрметті азаматы» атағы бес ардагерге берілді. Олардың қатарында Мақат локомотив пайдалану депосының ардагері Бақтығали Құрманов болды. Ол 1969 жылдан бастап теміржол саласында еселі еңбек етіп, 2015 жылдан бастап зейнеткерлік демалысқа қалған. Бұл салада еңбек ете жүріп, көп жылдық ерең еңбегі, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін «Құрмет грамотасы» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Марапат биігінен көрінген ардагерлеріміздің бірі – Қуат Мыңтұрғанов. Аудан тұрғындарына ардагер теміржолшы, журналист және мемлекеттік қызметкер ретінде жақсы таныс ағамыз еңбек жолын алғаш темір жол саласында жол монтері болып бастаған. Аудандық «Мұнайшы», облыстық «Каспий-Капитал» газеттеріңде тілші және Доссор кенті әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Шығармашылыққа жақын ағамыз «Мұнайлы менің мекенім», «Көңілімнің шуағы», «Сары даланың сараны», «Сапар – Доссор – Сервистен басталады», «Таң самалы» атты кітаптардың авторы.
Ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған Самат Мұхамбетов мұнай саласының ардагері. Еңбек жолын алғаш 1978 жылы Құлсары қаласында бірінші дәрежелі жөндеуші болып бастап, «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасында әлеуметтік сұрақтар жөніндегі басшының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Қажырлы еңбегі үшін әртүрлі марапаттармен, мерекелік медальдармен марапатталған.
Есенжан Рамазанұлы - білім және мемлекеттік қызмет саласының ардагері. Еңбек жолын Байшонас орта мектебінен бастап, Абай атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі және директоры болып қызмет атқарды. Аудандық мәслихат депутаты болып та аудандағы күрмеуі қиын мәселерді шешуге атсалысты. Кейін Доссор кентінің әкімі қызметін атқарып та өз іскерлігімен танылды.
Медицина саласының ардагері Болат Аманғалиев 1991 жылдан бастап аудандық ауруханада стоматолог мамандығы бойынша қызмет еткен. 1998 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, «Шипагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, бүгінгі күнге дейін сол емхананың директоры, әрі дәрігер стоматологы болып қызмет атқарады. 2014 жылы «Даңқ» орденімен марапатталған.
Ардагерлердің кеудесіне төсбелгі тағылып, арнайы гүл шоқтары табысталды. Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Сүлейменұлы ауданымыздың қарқынды дамып келе жатқанын, атқарылып жатырған жұмыстардың көп екендігін айтып өтті. Сондай-ақ, марапат иелерін құттықтап, оларға өз алғысын білдірді.
Ә.ҚАСЫМ