Ауданда республикалық аламан бәйге өтті

Ауданда республикалық аламан бәйге өтті
(0 Votes)

Бүгін жылқы десе делебесі қозатын жұртшылық үшін ауданның Бәйге алаңында аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасының және облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен республикалық ат бәйгесі өтті.

Жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған арғымақтар бас қосқан аталмыш шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес одағының батыры Мұса Баймұхановтың 115 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Ауыздықпен алысқан 100-ге жуық сәйгүлік дүбірлі додада тай, құнан, жабытай, топ жарыс және аламан бәйге бойынша өзара сынға түсті.

Бәйге алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұрынамен ашылды.

Одан әрі аудан әкімі Азамат Мәмбетов жарысқа  қатысушы шабандоздарға сәттілік тілеп, құттықтау тілегін жолдады.

Содан соң бәйге шымылдығы тай жарыспен түріліп, онда сәйгүліктер 3 шақырым қашықтықта жүйіткіді.

Нәтижесінде, I орынды Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылының тұрғыны Айболат Бисеновтің «Лендер Ленд» атты тұлпарының шабандозы Шәкәрім Тәжі, II орынды ақтөбелік Бекбол Байжарқыновтың «Бестөбе» тұлпарының шабандозы Әдебиет Нұрқат, ал III орынды ақтөбелік Нариман Идрисовтың «Қазына» тұлпарының шабандозы Санжар Нұрпейісов иеленді.

Әрі қарай бәйге алаңы құнан жарыспен жалғасты. Тұяғына шаң жұқпаған жүйріктер бәйгесінде І орынмен ақтөбелік «Нұр» тұлпарының иесі Бекбол Байжарқынов пен оның шабандозы Нұрқат Әдебиет, ІІ орынмен ақтөбелік «Алау» тұлпарының иесі Қуандық Ермашев пен шабандозы Айбердіұлы Ерасыл, ІІІ орынмен Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылынан шыққан «Ақмаңдай» тұлпарының иесі Алдаберген Аяш пен оның шабандозы Әлинұр Еламанұлы марапатталды.

 

Содан соң, ат жарысы 12 шақырымдық қашықтықтағы топ бәйгесіне ұласты. Бұл сында ең бірінші болып келген атыраулық  Өтепов Марат пен шабандозы Абай Мейрамбектің «Ақтабан» тұлпары жеңімпаз атанды.

Ал екінші болып Қазихан Әсет пен шабандозы Санжар Сағынтайдың «Бардак», үшінші болып «Аңшыбаевтар» әулеті мен шабандозы Жаман Дулаттың «Маусым» тұлпары келіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ, аталмыш шарада жергілікті жердің жабытайлары бой көрсетіп, ұлттық рухты оятарлықтай бәйгенің үлгісін көпшілік назарына ұсынды.

Онда І орын Бекзат Мұхамбетов пен шабандозы Диас Қанатбекұлының «Фатик» тұлпарына, ІІ орын Ізбасар Қалбаев пен шабандозы Алмаз Думанұлының «Найза» тұлпарына, ал ІІІ орын Қуандық Алдияров пен шабандозы Олжас Ғарифолланың «Ахилес» тұлпарына  бұйырды.

Ал, арғымақтар бас қосқан аталмыш шара аламан бәйгемен қорытындыланды. Бәйге жолындағы 21 шақырымда жүйіткей жөнелген сәйгүліктер арасынан Хамит Алтынбек пен Серікбай Шынтастың «Шрам» тұлпары оза шауып, бас бәйгені қанжығасына байлады.

Ал, қызылқоғалық Төлешов Қуандық пен шабандозы Жақсылық Әлидің «Әсем торы» тұлпары жарыс жолын екінші, исатайлық Тұрлан Әли мен шабандозы Жеңістің «Үміт» тұлпары үшінші орынға ие болды.

Шара соңында барлық жеңімпаздар аудан әкімінің ақшалай сертификат және кубок, медальдармен марапатталды.

 

Ботакөз Асхатқызы

Суреттер автордікі

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT