Атырау-Доссор тас жолымен жүру ақылы болады

(0 Votes)

Жыл соңына дейін Атырау-Доссор тас жолымен жүру ақылы болмақ. Бұл жаңашылдық облыс бойынша ұзындығы 509 шақырым «Атырау-Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан» шекарасы автожолында басталмақ.

Өткен жұма күні Доссор мәдениет үйінде осы мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкерлері қоғамдық тыңдау өткізді. Жиында енгізілетін жаңашылдық жайлы толық ақпарат беріліп, тұрғындар ұсынысы да тыңдалды.

Атырау облысы мен Өзбекстан шекарасын жалғайтын тас жолдың ақылы болатынын Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы хабарлаған еді. Қазір сол жоспарды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Заңға сай ең алдымен елдің түкпір-түкпірінде қауіпсіз жүйені енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп жатыр. Бұл арқылы халықтың ұсыныс-пікірі мен сұранысы ескерілетін болады.

«Бұл күні халыққа түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. Тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлер министрліктің автожолдар комитетіне жолданып, жан-жақты талқыланатын болады»,- деді «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ Баспасөз қызметінің басшысы Диас Ахметшәріп.

Қазіргі таңда Доссор-Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасы шекарасы учаскесінде 3 бақылау аркасы орнатылған және клиенттермен жұмыс жасаудың 1 орталығы қарастырылған. Атырау облысына қарасты учаскесінде 5 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс жасаудың 1 орталығы орнатылған және тесттік тәртіпте іске қосылған.

7867a73d-5fa8-41ed-b02a-eb95da786bfe

Жалпы І-техникалық санаттағы жолдар төрт жолақты болып келеді. Бұл жолда жүретін көліктердің барлығы дерлік ақы төлейді. Ал ІІ және ІІІ техникалық санаттағы жолдарда жеңіл көліктер төлемнен босатылған. Атырау облысына қарасты тас жолдар ІІ және ІІІ-техникалық санаттағы жол болғандықтан, ақылы жүйе енгізгелі жатқан аталмыш жол учаскелерінде жеңіл көліктер ақы төлемейді. Тек жүк көліктері ғана жүріп өткен жолының әр шақырымына ақы төлейтін болады.
Ал төлем қабылдау бойынша ашық жүйе енгізілетін болады. Яғни көліктерден жүріп өткен жол үшін ақы алу бақылау аркаларында бекітілген арнайы камера және тиісті құрылғылардың көмегімен жүзеге асады. Жүргізуші қаржыны мобильдік қосымшалар арқылы төлейтін болады. Дегенмен бір шақырым үшін төленетін ақы мөлшері қоғамдық тыңдаулардан кейін белгілі болмақ. Бір ерекшелігі, мұнайлы өңірде орнатылатын ақылы учаскелерде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағыдай шлагбаум болмайды. Бұл жолаушылардың кептелісін тудырмауы үшін өте тиімді болмақ. Ал тізгіншілердің қалтасынан түскен қаражат дәл сол жолдың өзіне жұмсалады.

6863fabe-c9b2-44ec-b3c0-743147f8353c

Егер ақылы жолмен жүріп өткені үшін қарыз пайда болып, ол ұзақ уақыт төленбеген болса, көлік жүргізушілеріне ескертпе хаттар жолданатын болады. Ескертпелер еленбеген жағдайда айыппұл салынады. Уақтылы төлем мен ақылы жолмен жүріп өткеннен кейінгі жасалған төлем мөлшерлемесінде де айырмашылықтар бар.
«Елімізде 24 мың шақырым республикалық маңызы бар жол бар. Оларды күтіп ұстау үшін бір жылда нормативке сай 48 млрд теңге қажет. Бізге үкімет тек 18 млрд теңгесін бөліп отыр. Сол себепті, ақылы жолдан түсетін қаржы осы жолдардың өзін күтіп ұстауға жұмсалады. Яғни, қосымша техника алынады, қосымша жұмыс орындары ашылады. Жол қоқыстан, қыста қардан тазаланып отырады. Сонымен қатар, жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін әлемдік деңгейге сай жол бойында сервистік нысандар ашылады. Жанармай бекеттері, қонақ үйлер, дәретхана, асхана және т.б.»,- деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның «Ақылы автомобиль жолдары Дирекциясы» филиалының директоры Марат Сүлейменов.

Заман талабына сәйкес, экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде елімізде ақылы автомобиль жолдары алғаш рет 2013 жылы «Нұр-Сұлтан-Щучинск» тас жолына енгізілген. Кейін 2019 жылы республикалық маңызы бар 3 учаскеге де ақылы жүйе енгізілді. Бұл «Нұр-Сұлтан-Теміртау», «Алматы-Қапшағай» және «Алматы-Қорғас» тас жолдары.

978af6f2-091b-4ecb-b23c-c481d63101dd

Ақылы жолдарды пайдалануға бергеннен кейін жол-көлік апаттарының саны азаятыны дәлелденген. Мысалы, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін «Ақтөбе-Орал-Ресей шекарасы» автожолындағы көлік апаты 25%-ға, «Нұр-Сұлтан-Павлодар» автожолында 46%-ға, «Қызылорда-Шымкент-Тараз» автожолында 43%-ға, ал «Павлодар-Семей-Қалбатау» учаскесінде 62%-ға төмендеген.

«ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясының өкілдері ақылы жүйені енгізу арқылы елде жол инфрақұрылымы едәуір ілгерілейтініне және жол апатының азаятынына сенімді. Себебі дамыған елдер бұл технологияны әуелден-ақ қолданады дейді олар.

Биыл Қазақстандағы 5 мың 800 шақырым жолға ақылы жүйе енгізілсе, алдағы төрт жылда оны 11 мың шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.

Қоғамдық тыңдауға қатысушы тұрғындар жергілікті жүк көліктері облыс аумағында жеңілдікпен жүруге және шаруагерлердің тегін жүруіне ұсыныс тастады. Сондай-ақ, тұрғындар бұл жерден түсетін қаражаттың белгілі бір мөлшерін жергілікті салыққа түсіруге қолқа салды. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта қаралатын болады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521