"Қылышынан қан тамып тұрған" кешегі кеңес үкіметі кезінде қой бағу да оңай шаруа болған жоқ. Шеті жоқ қойдан шашау шығармай, таңның атысынан күннің батысына дейін соңынан еріп, озат атану да екінің бірінің қолынан келмейтін ерен еңбек еді. Балалық бал шағы елдің қиын қыстау кезіне тап келген жандардың бірі - Жұрханова Балмекен әжеміз.
Ол 1937 жылы Миялы селосында дүниеге келген. Әкесі Шойтасов Керей - совхоздың мыңғырған бір отар қойын баққан шопан. Шопан бола жүріп, партияның белді мүшесі болған. Ал, ол кезде партияға мүше болған жандардың мойнындағы жүкті сезінуі тым ерекше еді. "Сен өзгелерге үлгі болуың керек" деп тым болмаса қасына көмекші де берілмеген. Мың қозысы ілескен мың қойды өріске өргізу сол үш-ақ адамның мойнында. Анасы, әкесі және өзі. Артынан ілескен бауырлары кішкентай болғасын, амалсыз әкесінің қолқанаты болуға тура келді.
Қойшының қызы "Жасымда тым ширақ болдым, атқа қарғып мініп, ұзап кеткен қойдың арғы басына жетіп алу үшін шауып ала жөнелетінмін" деп еске алады өткен шағын.
Алдымен Аққора деген жерді мекен еткен олар, кейіннен Тайсойғанның құм шағылына қарай ойысқан. Қалың шағылдың ішіндегі жалғыз тұрған үш қанатты ағаш үйді мекен еткен қойшының жанұясы, қыс келісімен ессіз тұрған аңғал-саңғал пәтерге көшірілетін. "Анамды аяған соң бар болғаны төрт жылдық білім алып, жайлауға қайта келдім. Ол кезде дүкеннің сүті деген жоқ, өрістен келген қойды көгендеп, соны сауып ішетінбіз. Қазіргі балалардың өмірі рахат қой. Алла осындай күннен айырмасын"- деп тілек етті әже әңгіме барысында.
1957 жылы Мақатқа апасының үйіне қыдырып келген қос құрбыны тағдыр айдап ойламаған жерден жергілікті жігіттермен табыстырады. Келін боп түскен кездері үлкен әулеттің қара шаңырағында он үш адам болғасын, көп жылдар бойы сол кісілерге қызмет қып жұмысқа кейіннен тұрған. Балаларының соңы сәл есейгесін, нан дүкеніне сатушы болып орналасқан әже он бес жыл сол жерде еңбек еткен. Жасынан түліктің қадіріне жеткен қыз келін боп Мақатқа келгесін де малдан қол үзбеген. Тіпті асау нарды да сауған. "Өрісінен қайтқанда желінінен сүт саулап келе жатыратын еді ғой, жарықтық" деп сүйсінеді. Шалым "сен қойшының қызысың ғой деп әзілдейтін еді" дейді сағынышпен еске алысып.
Дүниеге он бала әкелген алтын құрсақты ананың бүгінде жеті перзенті жұмыр жердің бетінде өз орнын тапқан берекелі жанұяларға айналып отыр. Өмірден өткен атамыз Жұрханов Өтеу күллі Мақат жұртшылығына танымал аузында Алласы бар молда кісі болған. Текті жандардан тараған ұрпақ бүгінде асыл аналарының саясында бақытты ғұмыр кешуде.
А.САДЫКОВ