"Әкімдер апталығының" кезекті тікелей эфирінде Мақат ауданының әкімі «қарамағындағы қызметкерлеріңіз сыбайлас жемқорлыққа барып, заңға сәйкес сіздің лауазымыңыздан кетуге тура келсе, қайтер едіңіз?» деген сұрағымызға Кейкін Шәкір Кейкінұлы «Заң талап етсе, жауап беруге әзірмін... Бірақ, мен қызметкерімнің адалдығына сенемін» деп жауап берді.
Бүгін «Мақаттықтар неден машақат көріп отыр?» деген тақырыпта аудан әкімімен өткен жарты сағаттық онлайн жүздесуде аудан белсенділерінің наразалығын тудырған аудандағы санитарлық тазалық, жол құрылысы, ауыз су мәселесі көтерілді.
Бұл лауазымға келгеніне 6 ай болған аудан әкіміне бірнеше рет аудандағы «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Газиз Габдуллин аудандағы екі полигонды қоршауды ұсынған екен. «Алайда, бұл үнге құлақ асқан әкім жоқ, керісінше жаңа полигон салмақшы» деген азаматтың шағымы бойынша Шәкір Кейкінұлына «Неге халық үніне құлақ аспайсыз?» деп сұралды. «Газиз Габдуллиннің айтып отырған полигондары Мақат кенті мен Доссор кентіне тым жақын. Аудандағы қоқыс мәселесін бір жола шешу үшін аудан әкімі облыс әкіміне жаңа палигонды салуды ұсындық» деп жауап берді аудан әкімі. Бүгінде бұл ұсыныс бірнеше рет сараптаудан өтіп, басшылық тарапынан қолдау тауып, биыл жаңа полигон салынбақ.
Аудан тұрғындарының аудандағы тазалық жұмысына көңілдері толар емес. Әкімдік чатына келіп түскен шағымдардың басым бөлігі қоқыс жөнінде. 2019 жылы Мақат ауданының санитарлық тазалығына 124 млн қаржы бөлінген екен. «Тұрғындарының наразылығын тудырған тазалыққа бөлінген ақша қайда кетті?» деген сұрағымызға әкім «санитарлық тазалық өз деңгейінде жүріп жатыр» деп жауап берді. Тұрғындарды шулатқан тағы бір мәселе ауыз су. Алайда аудан әкімі биыл ауыз су мәселесін толықтай шешу үшін 120 млн теңге бөлініп отырғандығын хабарлады. Жыл аяғына дейін бұл мәселе толықтай шешемін табады деп уәде етті.
"Атырау адалдық алаңы" жобалық кеңсесі