«Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» Соғыс жылдарында осындай ұранмен тылда еңбек еткен ардагерлердің ерлігі ерен.
Майдан шебінде жүрген ерлерге көмек көрсету үшін тылда еңбек еткен қыз-келіншектер мен бозбалалардың тартқан азабы, Жеңісті жақындатуға қосқан үлестері зор. Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қазір арамызда жүрген соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.
Мақат кентінің тумасы Балзира Алишева соғыс басталған жылы небәрі 5 жастағы қыз еді. Елдегі қолына қару ұстап, жауға қарсы тұра алатын атпалдай азаматтар бірінен соң бірі майданға аттанып жатқаны күні кешегідей оның есінде. Оның әкесі де ел қорғауға ұрыс даласына аттанған жауынгерлердің бірі еді.
-Ол кезде біз кішкентай едік. Отбасында анам, апам үшеуміз қалдық. Әкеміздің қайда кеткенін, қашан оралатынын білген жоқпыз. Есейе келе оның соғысқа кеткенін түсіндік. Бірақ соғыс біткенімен әкем оқ пен оттың ортасынан оралмады,- деп есіне алады Балзира әжей.
Сол жылдары Балзира бала болса да, белді бекем буып, сол кездегі қыз-қыз қайнап жатқан еңбектің бел ортасынан табыла білді. Қара жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағы үшін сарп етті. Үлкен әпкесі екеуі аналарына қолғабыс етіп, қасынан табылды. Қой бағып, бұзау айдап қара жұмысқа жегілді. Аналары соғыстағы майдангерлерге қолғап-шұлық тоқыса, олар жүн түтіп көмектесті. Әкеден ерте айырылған ойын баласына еңбекке ерте араласуына тура келді, содан болар ерте есейді.
-Уақыт өте неміс жендеттері жеңіліп, Кеңес Одағының әскерлері жеңіске жетті. Ұлы Жеңісті тойлағанымыз да әлі есімде. Соғыс аяқталғаннан кейін де елімізде жағдай бірден түзеле қоймады. Тыл игеру бұл кездері үлкен науқанмен жүріп жатты. Тылда бел жазбай, күні-түні жұмыс істедік,- дейді еңбек ардагері.
Бейбіт күн орнағаннан кейін 1959 жылы Балзира жергілікті жігіт Ермекқали Алишевпен бірге отау құрады. Ермекқали да жастайынан соғыстың тауқыметін көріп, інісімен тылда еңбектенген жандардың бірі еді. Дегенмен тағдырдың жазуымен 1980 жылы Ермекқали дүниеден озып, Балзира әжей 43 жасында жесір қалады.
«Қандай қиындықтарды көрсем де, көндім. Бірақ соның арқасында қазір ешқандай қайғым жоқ. Тек кезіндегі ауыр жұмыстың салдарынан болса керек, денсаулық сыр береді, әрине. Балаларымның қызығын көріп, қуанамын. Қазіргі басты арманым да осы — ұл-қыздарымның, немере-шөберелерімнің амандығы!»,- дейді ол.
Тағдырдың қиындығын еңсерген Балзира әжей бүгінде 5 перзентінен, 18 немере-жиен, 18 шөбере сүйіп отыр. Қарияның самайындағы әжім мен алақанындағы әрбір тарам талай тарих пен көненің кереғар кездерін еске салады. Уақыттың ұлы көшін ұмытуға мүмкіндік бермейді.
Ермекқалидің інісі Жолдас Менешов 1935 жылы дүниеге келген. Әкелері қару асынып, майданға аттанған жылы ол алты жастағы бала болатын. Аналарымен бірге ағасы және інісі үшеуі тылда тер төкті. Ағасы Ермекқали екеуі атарбамен мұнай тасыған жұмыскерлерге көмектесті. Мал бағып, қолдан келген жұмыстың барлығының ортасында жүрді. Туғаннан қиындыққа үйренгендіктен болар, олар ешқандай жұмыстан қашпады. Қандай іс болса да, соңына дейін атқарды. Жолдас ата соғыс аяқталғаннан кейін бозбала шағынан ағасы мен жеңгесінің қолында өседі.
Бүгінгі күні бұл шаңырақта екі тыл ардагері тұрады. Балалары мен бауырлары оларды құрмет тұтып, қадірлейтіні қуантады. Ел басына күн туған шақта нардың жүгін арқалаған бала бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ақ жаулықты ана, Отан алдындағы парызын адал атқарған ақсақал бүгінгі ұрпаққа өсиетін айтып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік танытып отыр.
Бұрынғының адамдары міне, осындай. Қарапайым да қайратты. Басына түскен қиыншылыққа мойымайтын қайсар. Ұлы Жеңіс бізге осындай қайрақтай қайсар жандардың арқасында келді. Бұл кісілердің ерлігі де еңбегі де болашақ ұрпаққа үлгі. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді». Расында Ұлы Жеңісті жақындатуда сол заман ұрпақтарының әрқайсысының қосқан үлесі зор.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз