Елімізде маусымның үшінші жексенбісі «Халықаралық Әкелер күні» болып бекітілді. Бұл мереке әкелерге құрмет көрсетуді насихаттап, отбасылық құндылықтардың маңыздылығын дәріптейді.
Мереке қарсаңында, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің стадионында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әкеге қарап ұл өсер» атты көңілді эстафетасы өтті.
Аталған шара «Секіртпемен секіру», «Шармен жүгіру», «Доппен жүгіру», «Кім жылдам?», «Арқан тартыс» және «Баскетбол» кезеңдері бойынша өткізіліп, онда «Болашақ», «Қуаныш», «Джомолунгама», «Жалын», «Батырлар», «Қыран», «Елдос», «Жігер» топтары бақ сынады. Сегіз топ сынға түскен бәсекеде «Елдос», «Жігер», «Жалын», «Болашақ» топтары алғыс хатпен марапатталып, «Қуаныш» және «Қыран» топтары ІІІ орынды, «Джомолунгама» тобы ІІ орынды, ал «Батырлар» тобы І орынды иеленді.
Сайыс соңында барлық қатысушы топтарға дипломдар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтары, гүл шоқтары және кубоктар табыс етілді.
Ботакөз АСХАТҚЫЗЫ