Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Мақат аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ-нің УПИ полиция аға лейтенанты Д.Зедляев баяндама жасады.
Аталған мекен-жайда тұратын 28.08.2004 ж.т. А. анасы Атырау қаласына ауруханаға кетіп қалғандығын, әкесінің вахталық жұмыста екендігін айтып түсіндірген. Сол жағдай бойынша акт жасақталып, жасөспірімдердің заңды өкілдері болмауына байланысты, есікті іштен құлыптап алу талап етілген.
Келесі күні кешкі сағат 18.00. шамасында аталған мекен-жайға полиция өкілдері қайта барғанында жасөспірімнің заңды өкілдері тағы да үйде жоқ екендігі, қасында кәмелетке толмаған қыздардың болғандығы және түпкі бөлмеде 5-6 ер бала бар екендігі белгілі болған.
Кінәлі балаларына лайықты қадағалау жасамаған ата-ана ма? Әлде желік қуған жастар ма? «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, бозбала мен бойжеткенге салса, «құдайдың құтты күні» думан-той қылуға бар. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде жасалатын бастаңғы дейін десең, бас қосқандары мезгілсіз уақыт. Бұл жерде түнгі мезгілде балаларын іздемеген ата-аналарды да жауапқа тарту керек секілді. Жиналғандардың барлығы колледж студенттері екендігіне қарағанда, есеюге асыққандары ма дерсің. Көбіне кәмелетке толмағандар жиналып, шарапқа сылқия тойғаннан орын алатын әрекеттері кейін ғаламторға тарап, арттары ашылып қалатын орыстың «вписка» деген «дәстүрі» біздің жастар арасында таралмаса жарар еді. «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деген дана халқымыз үшін бұл өте өрескел әрекет. Ең сорақысы, ұлы да, қызы да жиналған отырыстың қыз баланың пәтерінде өтуі.
Қорытындылай келе, жасөспірімдер арасында орын алатын келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында ата-аналарына ӘҚбтК-нің 127-бабының 1-тармағына сәйкес хаттама толтырып, ескерту беру жөнінде ұсыныс берілді.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша комиссияның 2020 жылдың 18 қарашадағы №15 хаттамалық шешіміне сәйкес Мақат кентінің тұрғыны 1968 ж.т. азаматша Н. үнемі ішімдікке салынып, баланың тәрбиесімен айналыспай, үйде жалғыз қалдырып кететіндігі анықталып, кәмелет жасқа толмаған С. уақытша Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған болатын. Қазіргі таңда анасы Н. өзінің тәртібінің дұрысталғандығын айтып, Ақтөбе облысы, Алға қаласына қоныс аударатындығына байланысты баласын өзіне қайтаруды сұрады.
Азаматшаның әңгімесі аса қатты өзгермесе де, баласының бейімделу орталығында 2 айдан астам уақыт болғандығы сабақ болғандай әсер қалдырды. Соған орай, комиссия ақылдаса келе, баланы анасына қайтаруға шешім шығарды. Бірақ көшіп кеткеннен кейін нақты өзі айтқан елді мекенге орналасқандығы туралы ақпаратты жіберу міндеттелді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша: Доссор кентіндегі А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша «Психологиялық қолдау тобынан» шыққан оқушыға және анасына облыстық психологиялық саулық орталығының мамандарының қатысуымен медико-психологиялық көмек көрсетілген.
Анықталғанындай, 8 -сыныптың оқушысы анасымен және екі інісімен (7 сыныпта оқиды, 2 жаста) нағашы әжесінің үйінде тұрады. Нағашы әжесі мүгедек, анасы денсаулығына байланысты уақытша жұмыссыз, нағашы ағасы ішімдік ішіп келіп отбасының мазасын алады. Осы жағдайларға байланысты оқушыда суицидке бейімділік және депрессия орын алып, оқушыға және оның анасына психологиялық кеңестер берілген.
Жиналысқа А.Құнанбаев атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологі және оқушының сынып жетекшісі қатысып. Атқарылған жұмыстар бойынша баяндады.
Мұғалімдердің айтуынша, балалардың нағашы ағалары көрші ауданда вахталық әдіспен мал бағып еңбек етеді. Демалысқа келгенде жиендерін отырса-опақ, тұрса-сопақ қылып жиі мазалайтын көрінеді. Сол кездері сабақ оқуға да мүмкіндіктері бола бермейді. Оқушылардың нағашы ағаларының ішімдікке бейім екендігін ішкі істер органдарының да қызметкерлері растап отыр. Комиссия мүшелері тарапынан оқушылардың нағашы ағасын ішімдікке құмар жандарды түзейтін орталыққа ұзақ мерзімге жіберу жөнінде ұсыныс көтерілді. Балалар мектеп өкілдері мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының назарында болмақ.
Байқағанымыздай, үш мәселе де «Әй» дейтін де, «қой» дейтін де қожа жоқтың және ішімдіктің кесірінен болып тұр. Қай-қай тұрғыдан алып қарасақ та, тентексуға әуес адамдардың қарасы азаймай тұр. Оларды бұзылған отбасы, жетім қалған балалар да тоқтатар емес. Абыройлары айрандай төгілгеніне ұялайын десе, екі күннің бірінде ауыздары құрғамайды. Сәйкесінше, естерін жиып үлгермейді. Арақты еркегі мен әйелі жарысып ішуді қойса, қоғамдағы бірқатар дау-дамай өзінен-өзі шешілері анық.
А.Есжан