Ақ жүректен айтылған ақ тілектер мерекесі

(0 Votes)

Жыл сайын көктемнің алғашқы бүр жарған бәйшешектерімен қуана жарысып туған өлкемізге Амал мерекесі келеді. Ел арасында "көрісу күні" деп аталатын бұл күні тұрғындар таң сәріден бір-бірінің үйін аралап, құшақтасып, қол алысып көрісіп, төс түйістіріп амандасады. Амал күні бір-біріне өкпелегендер татуласады, бір-біріне қонаққа барады, үлкенге кіші сый-құрмет көрсетеді.

Қазақстанның батыс өңіріндегі 14 наурызда бір-бірімен көрісу дәстүрі «Жаңа жылға аман-есен жеттік»,-деп қуанып, қол алысуынан шыққан.

Бұл күні наурыздық жасап, ата-баба рухына дұға бағыштайды. Кішілер үлкендерге, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне, ал, бала-шағалар әр үйге кіріп, көрісіп құттықтап шығады. Жұрттың бәрі бір-бірімен құшақтасып, төс түйістіреді, беттерінен сүйіп, көрісіп жатады.

Амал таңын қарсы алған әрбір үй ертемен есіктерін ашып қойып, жақсы тілектер тілейді. Ауылдың кішілері үлкендерге көрісіп барады. Дәулетті адамдар бір малын сойып, қазанды толтырып ет асып, Наурыздық жасайды. Өзгелері қыстан қалған сүр етін асады. Енді бірі «қазан толы болсын» деген ырыммен көже асып қояды. Ел ішінде халықтық мерекеге айналған ғұрпымыз сақталып келеді.

Бұл күні ағайын туыс, құда - жекжат, дос - құрбы бір үйден –бір үйге барып, ең жақын, сыйлы үлкендеріне жақсы шапан, көйлек -жаулық әкелісіп те жатады.

«Амал туды, жыл келді!» деп қуанған ата-бабаларымыз ағайын-жұрттың амандығын біліп, бір-бірімен көрісуге асығады.

Наурыздың 21-і күн мен түн теңеліп, жыл жаңарса, наурыздың 14-і жаңа ай туады. Сондықтан бұл күн – Амал мерекесі Наурыз мейрамының беташары іспетті.

Амал мерекесінде кішілер үлкендерден бата алады. Пенделікпен қателік жасағандар, Амалда ар алдында тазарады. Амал – бірлік, адамдардың бір-біріне деген көл-көсір ниеті. Амал – ақ адамдардың жамандық атаулымен күресі. Ендеше жанымыз да, тәніміз де тазара бергей! Ұлттық рух, салт-дәстүр салтанат құра бергей! Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын! Жаратушымыз тілегімізді қабыл етіп, еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521