Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, табиғатты қорғау және аумақтарды абаттандыру мақсатында 8 сәуірден бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бастама Қазақстанның барлық өңірІнде, соның ішінде Жайық-Каспий бассейнінде де белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын бүкіл елді біріктірген игі бастама ретінде атап өтті. Ол бұл акцияның жыл бойы жалғасуы тиіс екенін де қадап айтты.
Осы маңызды жоба аясында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Жайық өзенінің жағалауындағы тазалау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде. Аталған акцияға ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер және балық шаруашылығының өкілдері де белсенді түрде қатысып жатыр. Мәселен, бүгінге дейін 1000-нан астам адамның қатысуымен 100 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, «АрнайыАвтобаза» мекемесіне тапсырылды.
Акция өзеннің экологиялық жағдайын жақсартып, халықтың табиғатты қорғау мәселелеріне деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. «Таза Қазақстан» бастамасы тек осымен шектелмей, жыл бойы жалғасын табатынына сенім мол.
Айта кету керек, экологиялық акция табиғатты қорғау саласында маңызы зор іс-шараға айналып, әрбір қазақстандықтың қатысуын қажет етеді. Таза қоршаған орта – ұлт денсаулығының кепілі екенін ескерсек, «Таза Қазақстан» жобасы алдағы уақытта да қоғамның белсенді қолдауына ие болатыны анық.
Гүлнұр ӘБДІҒАЛИЕВА,
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы
инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы