Жиынға әр сұраққа жауапты басшылар қатысып, мәселесін айтып келген тұрғындарға қажетті кеңес берді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуге келгендердің арасында Шманов көшесі №87-үйдің тұрғындары бар. Олар тұрып жатқан үйін орталық кәріз жүйесіне қосуды, ауланы абаттандыруды сұрады.
"Біз бұны көптен айтып келеміз. Үйдің алдындағы кәріз құдығына қайта-қайта су толып, айналаға тасиды. Мұны болдырмау үшін ассенизатор шақыртамыз, бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Үйімізді кәріз желісіне қосуды жеделдетсеңіз, жақсы болар еді. Бұдан бөлек, ауланың сәні кеткен. Көше жарығы жартылай жанбайды. Есік алдындағы ойын алаңы да қирап, балалар мертіге ме деп қорқамыз. Осыған да көңіл бөлуіңізді сұраймын",-деді тұрғын Жанар Оңаева.
"Атырауда жерасты суының деңгейі жоғары болғандықтан, үйлерге кәріз желісін жүргізу қиындық тудырады. Қазір жоба жасалу үстінде, ақпанда мемлекеттік сараптамаға жібереміз. Ұзындығы 14,5 км құбыр жүргізу жоспарланды. Құрылысты келер жылдың І жартыжылдығында аяқтауға тырысамыз. Инфрақұрылым мәселелері бойынша жауапты органдар қазіргі жағдайды талдап, іс-шаралар жоспарын жасайды",-деді С.Шәпкенов.
Облыс әкімі қалалық құрылыс бөліміне жұмыс кестесін әзірлеп, тұрғындарға ақпарат қолжетімді болуын тапсырды.
Бұдан бөлек, кездесуде азаматтар тұрғын үймен қамту, балабақша және спорт алаңдарын салу, инфрақұрылым жүргізу, жұмыспен қамту, жер телімін беру, құқық қорғау сынды басқа да мәселерді көтерді.