Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-көліктік авиациясының ұшағы Мәскеуден Астанаға Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер — Оразғали Айболанұлы Белүбаев пен Петр Капитонұлы Оконечниковтың сүйектерін жеткізді.
Сарбаздардың сүйектерін туыстарына тапсыру рәсімі Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті. Іс-шараға Қазақстандағы Ресей мен Беларусь елшіліктерінің өкілдері, әскери қызметшілер, Қарулы күштер ардагерлері, құрмет қарауыл ротасының сарбаздары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, колледж студенттері мен қаза тапқан жауынгерлердің туыстары қатысты.
ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазыҡбаевтың айтуынша, Қазақстан Қорғаныс министрлігі, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан мен шетелдегі іздеу отрядтары соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің тағдырын анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.
– Іздеу топтарының еңбегі арқасында 80 жылдан кейін бізге соғыс жасырып қалған, бірақ тарих ұмытпаған батырлардың есімдері қайта оралып жатыр. Әр табылған сарбаз — бір тағдырдың қайта оралуы, туыстарының қуанышты жасы мен жүрек қасіреті, бұл — тірі жадымызда жаңғырып тұратын тағы бір үн, – деді Шайх-Хасан Жазыҡбаев.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 271 мыңнан астам қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен. Оразғали Белүбаев пен Петр Оконечниковқа дейін бірлестік 19 қазақстандық жауынгердің сүйегін туған жерге жеткізіп, әскери құрметпен жерлеуді ұйымдастырған.
Қаза тапқан сарбаздардың туыстары іс-шараны ұйымдастырушылар мен іздеушілерге алғыстарын білдірді.
– Менің ағам Петр Оконечников ұшқыш болған. 19 жасында қаза тапты. Отбасын құруға үлгермеді. Әкемнің айтуынша, аналары ұлын жоғалтып, бұл қайғыны көтере алмай, бірнеше жылдан кейін өмірден озған. Ағам атасының – менің атамның – бейітінің қасына жерленеді. Біздің сарбаздар туған жерінде соңғы мәңгілік мекенін табатын болғанына қуаныштымын, – деді қаза тапқан жауынгердің немере інісі Игорь Оконечников.
Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, Оразғали Белүбаевтың сүйегі Ресейдің Новгород облысындағы Соболево ауылы маңында «Находка» іздеу отрядының далалық-іздестіру жұмыстары барысында табылған. Оның жанынан белдік, пряжка, бәкі және жеке медальон табылған. Медальон арқылы оның 1908 жылы дүниеге келгені анықталды. Ол 1941 жылдың жазында Семей облысындағы Үрнек колхозынан майданға шақырылған. 1943 жылдың тамызында Новгород облысының Старая Русса ауылы маңындағы шайқаста қаза тапқан. Оның сүйегі Абай облысындағы Зұбайыр ауылына қайта жерленеді.
Ал 8-ші ұшақ жеткізу авиациялық полкының сержанты, борт радисі Петр Оконечниковтың сүйегі Аляска – Сібір әуе трассасы нысандарын зерттеу бойынша Ресейдің Қорғаныс министрлігі мен Ресей географиялық қоғамы ұйымдастырған экспедиция кезінде табылған. Петр Оконечников 1924 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы, Күтіха ауылының тумасы. 1943 жылдың 28 тамызында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде «Дуглас» Си-47 ұшағында апатқа ұшыраған. Оның жанынан ұшу карталары мен қазақ тілінде № 9248726 нөмірмен толтырылған комсомол билеті табылған. Петр Оконечниковтың сүйегі Шығыс Қазақстан облысы, Алтай қаласында жерленеді.