СОҢҒЫ ЖЫЛДАРДА «ҚАРЫЗ, НЕСИЕ» ҰҒЫМДАРЫ ӨМІРІМІЗГЕ ЕТЕНЕ ЕНІП КЕТКЕНІ СОНШАЛЫҚ БІР ҮЙДЕГІ БЕС АДАМНЫҢ БАСЫНДА КЕМІ БІР НЕСИЕСІ БАРЫНА ТАҢ ҚАЛМАЙМЫЗ. БАНККЕ БЕРЕШЕК БОЛЫП ОНЫ УАҚЫТЫЛЫ ТӨЛЕП ЖҮРГЕННІҢ ӨЗІНЕ ҚУАНАТЫН ЖАНДАР БАР. АЛ ҚАРЫЗДЫ АЛЫП, ҚАЙТАРА АЛМАЙ ПАЙЫЗ АРҚАЛАП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ ҚАНШАМА?! СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ ЕЛІМІЗДЕ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ КУРСТАРЫН САТУШЫЛАР ДА, САТЫП АЛУШЫЛАР ДА КҮН САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ. МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗІ «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» АТТЫ ЖОБА ДАЙЫНДАП, ХАЛЫҚТЫ ТЕГІН БІЛІМ АЛУҒА ШАҚЫРЫП ЖАТЫР.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында: «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты.
Ал, биыл одан да көп адам қатысады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді»-деп елімізде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын айтқан еді.
2019 жылы ел Президенті 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешім және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдады. Оның аясында қарызын жылдар бойы қайтара алмаған азаматтарға біраз жеңілдіктер қарастырылды. Ал, «Қарызсыз қоғам» жобасының төңірегінде еліміздің 10-нан астам аймағында тегін сабақтар өтіп, бір басында 10 және одан көп несие алған тұлғалар да қатысқан еді. Бұл курсқа қатысушылардың алған білімі алдағы уақытта да өздеріне қызмет ететіні сөзсіз. Себебі, енді несие алатын болса, банктің қарызға ақша бергеніне қуанып, келісімшартты оқымастан бірден қол қоя салмай, оның пайыздық үстемесіне, жасырын комиссия мен басқа да жағдайларға мән беретін болады. Жобаның тағы бір артықшылығы қатысушылар бір жыл бойы заңгерлерден тегін консультация алады.
Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміз не? Қаржыны ұтымды басқарудың қандай құпиялары бар? Жалақысынан несиесі көп болып жүрген көп қазақтың мәселесін бір ғана жобамен шеше алмайтынымыз сөзсіз. Осы ретте білікті мамандар нендей кеңес айтады. Жиырма жылдан астам қаржы саласында, он жылдай жеке бизнесте тәжірибесі бар, елімізге белгілі жинақтаушы банктерде қолтаңбасы қалған маман, «Қарызсыз қазақ» деп аталатын авторлық курсы бар қаржыгер тренер, коуч Әсел Жарасқалиқызынан алған сұхбат пен пайдалы кеңестерді сізбен бөлісеміз.
– Әсел Жарасқалиқызы, «Қаржы- лық сауаттылық» – «финансовая грамотность» деген сөздер қазіргі уақытта трендке айналған. Оны әркім әрқалай түсінеді. Ал шын мәнінде қаржылай сауаттылық дегеніміз не? Оның қандай критерийлері бар?
– Адамға жинақталған капиталын сақтауға және оны дұрыс пайдалануға көмектесетін білім жиынтығын қаржылық сауаттылық деп атайды. Егер жай сөзбен айтсақ, қаржылық сауаттылық адамға қолайлы өмір сүруге және жалақысы аз болса да, қажетті нәрсенің бәрін сатып ала алатындай ақшасын дұрыс басқаруға мүмкіндік береді.
– Қаржылай сауатты адам деп кімді атауға болады?
– Ең алдымен, бюджетін жоспарлайтын, өз кірісі мен шығысы туралы нақты білетін. Екіншіден, ақшасын ақылға салынған шешімдер негізінде саналы түрде жұмсайтын, аяқ астынан зат сатып алудан бас тартатын адам. Сонымен қатар сауатты адамның қашанда қауіпсіздік көпшігі бар, яғни қолында форс-мажор (мысалы, жұмысынан айырылу немесе жақын туысының ауыр дерті) жағдайында үйреншікті жайлылық деңгейі сақталатын сомасы бар. Үшіншіден, қаржылық мақсаттары бар және осыны (демалыс, жаңа тұрғын үй сатып алу, ипотека ресімдеу және т.б.) ескере отырып, ақша жинайды. Төртіншіден, тұтынушы және салық төлеуші ретінде өз құқықтарын біледі. Ең бастысы, алаяқтық схемалары туралы білетін, дербес деректер мен жинаған ақшасын қорғау әдістерін жақсы меңгерген адамды атай аламыз.
– Сонда «қаржылық сауаттылығы жоғары адам» болу үшін не істеу керек? Осы мақсатта қандай күнделікті әдеттер мен дағдыларды қалыптастыру маңызды?
– Қаржылық сауаттылық неліктен дағды? Мәселен біз көлік жүргізуді, тіл үйренуді, велосипед тебуді үйренгеніміз секілді бойымызда бір жаңа дағдылар қалыптастырамыз. Осы орайда әрбір адамның бойында қаржыны дұрыс басқару дағдысы қалыптасу керек. Әр адам ай сайын өзінің бюджетін жоспарлап, табысы мен шығысын есептеу керек. Қаржылық сауаттылықтың қысқаша формуласы – қанша ақша тапқаныңызда емес, тапқанды дұрыс жаратуда болып отыр. Бүгінгі қоғамда біз қанша тапсақ, сонша жаратуға бейімбіз. Мәселен, айлық табысымыз 200 мың теңге болса, шығынымыз да соған саяды. Ал, қаржылық сауаттылығы жоғары адам сол тапқан 200 мыңның өзін шығынына бөліп, белгілі бір соманы сақтауға, көбейтуге жұмсайды. Айлық, апталық емес, ең бірінші күнделікті шығысты есептеп үйреніңіз. Шығын есептелмесе, кіріс көрінбейді. Осы әдісті үш ай бойы жасап, сіз өзіңіздің бір айлық орташа шығыныңызды шығара аласыз. Жаңа айтып өткен 200 мың теңге жалақысын игере алмаған адам, 200 миллионды да орынды басқара алмайды.
– Әсел ханым, қаржылай сауатты адамдарда сонда қарыз болмай ма? Әлде, олар қарыздан құтылудың да оңтайлы жолын біле ме? Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз?
– Жалпы қаржылай сауатты адамдар өзінің 3 немесе 6 айлық қорын қашанда дайындап жүреді. Ал, қарызды ұтымды жабуға келсек, оның негізгі екі тәсілін атап өткім келеді. Ең алдымен, бір басында 6-7 несиесі бар адам соның ең азын таңдап, негізге борышын жауып тастау керек. Осылайша, ең төменгі сатыдан жоғарыға қарай, үлкен соманы жабуға талпына түсесіз. Сонымен қатар, психологиялық тұрғыда өзіңіздің несиені жаба алатындығыңызға дәлел боласыз. Екінші тәсіл, ол әрине қаржылық бағытта қолайлы әдіс, ең қымбат, пайызы көп несиеңізді жауып, өзіңізді артық шығыннан босату.
– Жалпы бүгінде экономистер несиені пайдалы және пайдасыз деп екіге бөліп жүр.Бұл сонда несиені алғанша пайдалы қаражат санап, алған соң пайдасыз борыш көру ме? Әлде мүлде басқа ұғым ба?
– Иә, қазір біз тұрғындарға пайдалы қарыз, пайдасыз қарыз ұғымын түсіндіріп келеміз. Егер сіз сол несие арқылы ауқатыңызды арттырып, кәсібіңізді кеңейтуге жұмсасаңыз, ол әлбетте пайдалы, сіз үшін жұмыс жасайтын қарыз. Мәселен, жылжымайтын мүлікке ипотека алу да пайыздық мөлшері жағынан оңтайлы болса – дұрыс шешім. Ал керек, керек емесіне қарамай, той-домалаққа, басқаға несие алу – қате. Бір несиені екіншісімен жабатындар да аз емес. Жылтырақ жарнамаға алданып, біреуін алсаң, екіншісі тегін деген дүниелерге сеніп қалу. Аяқ асты қаражат керек болғанда, пайызына қарамай қаржылай несие ала салу. Бейнелі түрде айтсақ, бұл жүк үстіне жүк ілу. Осының барлығы – пайдасыз қарыз болып саналады.
– Әлеуметтік желіде үнемі мақсатты қаржы мәселесін қозғап отырасыз. Қаржы мен мақсатты не байланыстырады?
– Жалпы несиеге ұрынбау үшін кіріс-шығысты есептеп, қаржыны мақсатты жұмсау керек деп үнемі айтамын. Менің жеке авторлық курсымда біз осыны жан-жақты талқылап, үйретеміз. Мақсатсыз жиналған қаржы да мақсатсыз жұмсала береді. Біз кейде арман мен мақсатты ажырата алмай қаламыз. Мәселен, мен осы шетелге барып демалғым келеді деген ой жәй арманыңыз делік. Ал, нақты қағазға түсіріп «Мен осы жылы Мальдив аралдарына баратын 2 миллиондық турды сатып аламын. Сол үшін әр айда 500 мың теңге ақшаны бөлек жинауым керек» деп жазсаңыз, алдыңызға нақты мақсат, сомасын, уақытын қойып отырсыз. Осы техника жұмыс жасамайды деп ойлайды көп адам. Бірақ, керісінше бір рет жасап көріп, өз миыңызға сигнал беру арқылы сіз сол мақсатқа ұмтыла түсесіз. Мақсат ол – сенің арманыңның нақты әрекетке көшуі деп санасаңыз, оған жұмсалатын қаражат та өзінің мақсатына жетті деген сөз.
– Халқымыз «бес жылдығын ойламаған еркектен без» дейді. Әуел баста біздің тәрбиеде, ұлттық санада қаржылық мәселені, отбасын асырауды ер азаматтарға тапсырған. Асыл дініміз де ер адамның тапқан табысы берекелі саналады. Ал, бүгінде қазақ әйелдері бизнесте, қай салада болмасын табысты, танымал болып келеді. Қаржыны сауатты пайдалану жағынан қалаймыз?
– Қазақ әйелдері қашанда ерінің тапқанын да, өзінің тапқанын да берекелі жұмсауға тырысады. Жалпы отбасында ақшаны кім көбірек тапқаны емес, оны орынды жұмсау маңызды. Біздің қыз-келіншектеріміз қазір қай салада болмасын табысты, көзі ашық, білімді. Сондықтан ер азаматтармен қатар даму үстінде. Заманауи қоғамда ер мен әйел деп бөлінбей, ақшаны ортақ мақсатқа жұмсай білген жандар сауаттырақ дер едім.
– Бүгінде алаяқтық мәселесі алдыңғы орында тұр. Қаржыны табудан бөлек, ұқыпты сақтау да бір мәселеге айналып отыр. Қаржыгер ретінде сіз қандай кеңес бересіз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Ақшаны табу бір бөлек, оны қорғап қалу да маңызды болып отыр. Бүгінде неше түрлі алаяқтық істерді естіп, біліп жатырмыз. Ең алдымен дұрыс ақпарат көзін таңдау керек. Сізге хабарласқан адам ба, әлде робот па соны айырып білген жөн. Бүгінде жасанды интеллект арқылы кез келген адамның интерфейсін де жасап шығарып жатыр. Банктік есепшоттардың нөмірін, карточкаларды тіпті жақын туыстарыңызға да бермеу керек. Бізде ата-әжелеріміз зейнетақы алатын күні банкомат алдындағы кез келген адамға құпия санды айтып, ақшасын түсіріп алады. Ал, кейін сол бейтаныс адам жымысқы әрекетін жасамасына кім кепіл? Карточканың фотосын, үш нөмірлі св кодты телефонда сақтамау керек. Интернеттік транзакцияларға шектеу қою. Сенімді ақпараттармен ғана жұмыс жасау. Кез келген қоңырауға, хабарламаға сенім артып, есепшотқа ақша салмаңыздар. Ал қаржылық пирамидалар мен желілік маркетингке алданбау үшін олардың белгілерін жаттап, жоламау керек. Ең біріншіден, қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі жасаған қаржылық пирамидалардың ресми тізімі бар. Бұл тізімге 252 компания кіреді. Осы тізімді қарап, тексеру қажет. Екіншіден, инвестициялық компания ретінде ұлттық банкте лицензиясы бар ма, жоқ па тексеріңіз. Оған қоса, ЖСН, БСН нөмірлері арқылы қарауға да болады. Үшіншіден, тым жоғары пайыз бен кіріс уәде етсе, қашыңыз.
– Шетелде баланы ерте жастан қаржылық сауаттылыққа үйретеді екен. 26 жасында “Ауқатты әке, кедей әке “ бестселлерін жазған Роберт Кийосаки баланың болашағы жақсы тәрбие мен білімде емес, ақшаны бала жастан қалай жарата білгендігінде деп жазған. Президент қыркүйектегі Жолдауында мектептерде қаржылық, цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін бағдарлама қажет деді. Бұл туралы ойыңыз қандай?
– Мемлекет басшысының бұл саясатымен толықтай келісемін. Балаларға бала тілінде ақша жинау тәсілін үйретсе тамаша болар еді. Өзіңіз атап өткендей шетелде, ЕО елдерінде, Германияда баланың күнделікті шығыны заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жасына қарайды. 6 жастағы бала 50 еуроцент алса, 15 жастағы баланың шығыны 50 еуроға дейін өседі. Ал бізде мұндай заңмен шегеленіп қойған ереже жоқ. Қақпақ ашық. Ашық қақпақтардан 40 жасқа келгенше ата-анасының мойнына мініп отырған масыл-еркетотайлар шығып жатыр. Ал, қамал бұзар жасқа келіп ақшаны қалай табуды білмейтін адамға қаржылық сауаттылық туралы айту құр бекер болмай ма? Сондықтан біз әр тапқан тиынның құны барын бала-шағамызға түсіндіріп отыруымыз керек. Қателеспесем, Қытайда әр бала сынып сағатында ата-анасының қалай қара жұмыс жасап, ақша табатынын бейнероликтен көріп отырады. Сонда балалардың қалай жылап, ата-анасына деген құрметі артқанын көруге болады. Қаржылық сауаттылық ұғымының бір анықтамасы – келген қаржының қадірін, құнын білу. Оны білген адам орынсыз жұмсамауды да үйренеді.
– Әсел Жарасқалиқызы, пайдалы кеңесіңіз бен сұхбатыңызға бек рахмет!
ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ, ҚАРЫЗСЫЗ ҚАЗАҚ, ҚАРЖЫЛАЙ САУАТТЫ ҚАЗАҚ БОЛУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТ ТЕ АЯНЫП ЖАТҚАН ЖОҚ. БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ҮШІН ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ҮКІМЕТТІҢ 2020 ЖЫЛҒЫ 30 МАМЫРДАҒЫ ҚАУЛЫСЫМЕН БЕКІТІЛГЕН «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУДЫҢ 2020-2024 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНЫҢ» ШЕҢБЕРІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР. ТҰЖЫРЫМДАМА НЕГІЗГІ ТӨРТ БӨЛІМНЕН ТҰРАДЫ: «АҒЫМДАҒЫ АХУАЛДЫ ТАЛДАУ ЖӘНЕ ҮРДІСТЕР», «МАҚСАТТАР, МІНДЕТТЕР ЖӘНЕ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАР», «БАСЫМ БАҒЫТТАР, ТАҚЫРЫПТАР ЖӘНЕ НЫСАНАЛЫ ТОПТАР», «КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР ЖӘНЕ ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ КЕЗЕҢДЕРІ». ТҰЖЫРЫМДАМА ШЕҢБЕРІНДЕ ЖҮРГІЗІЛЕТІН ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ ҮШІН ЖЫЛ САЙЫН ӘЛЕУМЕТТАНУШЫЛАР ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗІП, СОНЫҢ НЕГІЗІНДЕ МОНИТОРИНГ ЖАСАЙДЫ. ОСЫ ЕСЕПКЕ СҮЙЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАНДА СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ 39 ПАЙЫЗДАН 40,2 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ӨСКЕН. БҰЛ НӘТИЖЕНІҢ БАСТАМАСЫ ДЕП СЕНЕМІЗ.
А.САТАЕВА