ОРЫЛҒАН ӨНІМ ЕЛГЕ ЫРЫС

ОРЫЛҒАН ӨНІМ ЕЛГЕ ЫРЫС
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауында елімізде агро секторды дамытуға айрықша көңіл бөлуді ел үкіметіне жүктегені белгілі. Әрине бұл бағытта кешенді шаралар қабылданып тиісті жұмыстар ілкі де басталып кеткен болатын. Кен байлығымен аты шыққан Индер ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Жайық өзенін жағалай қоныстанған ауылдық округтерде егін салып жер анамен жұмыс істеушілердің қарасы көбейіп келеді.

Аудандағы 4 каналдың бірі болып саналатын «Алғабас-Жорық» каналының бойында да ерте көктемде тұқым сеуіп шілденің ортасынан бермен қарай еккен дәннің жемісін көріп жатырған шаруа қожалықтары бар. Жуырда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов және бас маман Абай Абдировпен бірге канал бойына сапар шеккенде куә болғанымыз бар.

Алдымен бас тірегеніміз «Асылан» шаруа қожалығы болды. Ертемен қадам басқанымызда алдымыздан шаруагер Серік Қабдолов шықты. Сәлем сауқат сұрасқан соң шаруагер бүгінгі тыныс-тіршілігін баян етті.

-Қазір жұмыс табу қиндап кеткен шақ ғой. Қарап отырмай екі қолға бір күрек табу мақсатында отбасымызбен бірге ақылдаса келе жер алып егін егуді жоспарлаған болатынбыз. Зайыбым Мәрияш Жасағанбергенова мен қос ұлым Аслан мен Әлімжан болып бірігіп шаруа қожалығын құрып, осы канал бойынан үш жыл бұрын үш гектар жер алып өз жұмысымызды бастап кеттік. Шыны керек, алғашқы да қиындау болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді ғой бұрынғылар. Бау-бақша дақылдарын егумен қатар жылыжай салып қияр өсіруді қолға алдық. Қазір жағдайымыз жаман емес, мемлекет тарапынан беріліп жатырған түрлі жеңілдіктерді пайдаланып келеміз. Биылғы жылы Жайық өзенінің тасуына байланысты небәрі 1 гектар жерге егін егуге тура келді,-дейді жаңа шыққан қиярды жинап алуға кіріскен шаруагер.

Ал «Весна» шаруа қожалығы жылдағы әдетінше 6 гектар жердің үш гектарына жылыжай орналастырып оған қызанақ және қияр отырғызған екен.

-Өздеріңіз білесіздер көктемгі су тасқыны дала жұмыстарын уақытында бастап кетуге өз қиындығын келтірді. Десек те жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында тасқынның беті қайтып өз жұмысымызды сәл кештеу бастаған болатынбыз. Дала жұмыстарымен айналысқаныма 5-6 жылдың күзі болды жыл өткен сайын тәжірибе толысып келеді. Сапалы тұқым мен тиісті күтімнің арқасында тиісті өнімдерді уақытылы жинап алып жүрміз, - дейді күздің қоңыр салқынына тотыққан жүзімен жымиып қарап.

Ал, Бағырлай каналының бойына 60 гектар жер алып жұмыс істеп жатырған «Слава» шаруа қожалығы бұл күнде пияз ору жұмыстарын қызу жүргізу үстінде екен. Біздің бір қожалық өкілі Антон Пак қазақ тілінде еркін тілдесе алады екен.

Құмдауыт жердің шаңын боратып келе жатырған біз мінген көлікке қарай бет түзеген ол жылышыраймен қарсы алды.

-Өздеріңіз көріп отырсыздар өткен көктемде «Манас» тұқымдас пиязды 40 гектар жерге еккен болатынбыз. Өткен қыркүйек айында 20 гектар жерге егілген бау-бақша дақылдарын жинап алдық. Қосымша жұмысы күшін алдыртып пиязды үсікке ұрындырмай дер кезінде жинап алу қамын жасап жатырмыз,-дейді Антон Пак.

Шаруагердің сөзінен ұққанымыздай, орылған өнімдер облыс орталығымен қатар көршілес мемлекеттерге де ауыр жүк көліктерімен жөнелітіліп жатырған көрінеді. Сонымен қатар аудан орталығындағы «Талап», «Алға» сауда нүктелеріне де жіберіліп отыр.

Шаруаларға қажетті судан таршылық болмай дер кезінде жіберіліп барлық мүмкіндіктер жасалған. Сөзіміздің басында атап өткеніміздей жылдағыға қарағанда егін егу көлемі артып келе жатырғанын сала басшысы Мәмбетқали Жолдасқалиұлы өз сөзінде айрықша атап өтті.

-Биылғы жылы егін шаруашылығы дақылдарының көлемі 30 гектарға немесе 1,3 пайызға артып, 28 шаруа қожалығы мен жеке секторды қоса алғандабарлығы 630 гектар жерге егін егілген. Нәтижесінде 4 204, 87 миллион теңгенің өнімі жиналды. Орылған өнімдерді сауда сөрелеріне шығару мақсатында 38 ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып өткізілді,-дейді сала басшысы.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT