Неке қию шарттары мен заңдылықтары

(0 Votes)

Неке қиюды мемлекеттік тіркеу некеге отыратын адамдардың тілегі бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.

Некеге отыру туралы өтініш тіркеуші органға некені мемлекеттік тіркегенге дейін он бес күн бұрын беріледі.

Неке жасы ер адамдар мен әйел адамдар үшін он сегіз жас болып белгіленеді.

Араларында неке қиылуына (ерлі-зайыпты болуына) жол берілмейтін адамдар Некелесуге (ерлі-зайыпты болуға):

1) бір жынысты адамдардың;

2) олардың біреуі болса да басқа тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдардың;

3) жақын туыстардың;

4) бала асырап алушылар мен асырап алынған балалардың, асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалардың;

5) соттың заңдық күшіне енген шешімі бойынша олардың біреуі болса да психикалық ауруы немесе ақыл-есі кемдігі салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында жол берілмейді.

Қолданыстағы Неке және отбасы Кодексіне елеулі, маңызды өзгерістер 2019 және 2022 жылы енгізілді. Атап айтқанда:

Қазақстан Республикасы Президентімен 2019 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, сот шешімі негізінде неке бұзу акт жазбасын тіркеу, әкелікті анықтауды, асырап алуды мемлекеттік тіркеу алынып тасталды.

Бұрын ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерден кейін сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды. Енді азаматтар некені бұзу туралы сот шешімі шыққаннан кейін АХАТ органдарына бару қажеттілігінен босатылды.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті және білім беруді дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 14 шілдедегі ҚР-ның Заңымен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызмет көрсету процесін жеңілдету және цифрландыру мақсатында тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді мемлекеттік тіркеу алып тасталды, сәйкесінше тегін, атын, әкесінің атын өзгерту куәлігі берілмейді.

Осылайша, тегі, аты, әкесінің аты өзгертілген соң енді бір ғана куәлік, қандай мәліметтер өзгертілгеніне байланысты туу туралы немесе неке қию, бұзу туралы куәлік беріледі.

Қазіргі уақытта, Кодекске сәйкес 4 куәлік түрі берілуде: туу, неке қию, неке бұзу, қайтыс болу.

Бұған дейін неке қиюды тіркеу үшін өтініш тіркеуші орган арқылы немесе электронды үкімет порталы (egov.kz), арқылы беріліп келсе, енді өтінішті Kaspi.kz, Halyk bank қосымшалары арқылы да беруге болады.

Сонымен қатар, қайтыс болу туралы акт жазба медициналық куәлік негізінде автоматты түрде тіркеледі және қайтыс болған адамның туыстары «электрондық үкімет» порталы арқылы қайтыс болу туралы хабарлама алуына мүмкіндік бар және қайтыс болу туралы куәлікті алудың қажеттілігі жоқ.

Құралай Хайрошева,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының Атырау қалалық АХАТ бөлімі басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT