Жыл он екі ай өнім алудың бір жолы – жылыжай. Өкінішке орай, мұнайлы ауданымызда мұндай істі дөңгелентіп отырғандар жоқтың қасы. Олай дейтініміз, ауданда тек бір ғана адам бұл істі кәсіпке айналдырып отыр.
Ол «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 3 миллион теңге кепілсіз несие алған.
Бүгінде жасап жатқан кәсібінің несібесін молынан көріп отырған ол Атырау қаласына өнімдерін апарып, көтерме бағамен сатуда. Беріп отырған өнімдері сұранысқа ие, халықтың көңілінен шығып отыр. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлназ Едігеева айтып берді. Оның сөзінше, 10 жылға жуық уақыттан бері ауданда жылыжайдың пайдасын көріп бау-бақшамен айналысып келе жатқан кәсіп иесінің жұмысы қарқынды жүргізілуде екен.
- Біздің ауданда үйден бау-бақшамен айналысып, қосымша ақы тауып отырған кәсіпкерлер қатары толығуда. Бүгінде ең бірінші боп жылыжайда көкөніс, жеміс-жидектерді өсіруді қолға алған Айсұлу Күлімжанова болса, одан бөлек үйінде өздері үшін жылыжай өнімдерін тұтынатын аудан тұрғындары да кездеседі. Аталмыш кәсіпкер, атаулы кәсібін 2013 жылы бастап, сол уақыттан бері жұмысын мардымды түрде атқарып келеді,-деді Г.Едігеева
Жылыжай өнімдері күтімді қажет ететіні аян. Оңайлықпен жемісін бере салмайды. Бағбаны мықты болса, өнімі де соншалықты көп болары сөзсіз.
- Мақаттан шыққан өнімнің дәмін Атырау жұрты да татып отыр. Кәсіпкердің өніміне деген сұраныс көп.Облыс орталығына да тасымалдап, жергілікті тұтұынушыларға да саудалап отыр. Расымен де, бұл кісінің жылыжайынан шыққан өнімдері дәмді әрі құнарлы ",-дейді палата директоры.
Топырағы сортаң, жері тұзды, суы жоқ, шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің тиімді жолы - жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны түсінген жергілікті тұрғындар аталған кәсіпке бұра бастағаны қуантады. Аталған кейіпкеріміз де жылдар бойы еңбегін еш етпестен халық игілігі үшін жұмыстанып келеді. Бастапқыда бәріне кездесетін қиындықты бастан кешірген кәсіпкер көптеген келеңсіздіктерге төтеп берген. Қазіргі уақытта еңбегі жанып, кәсібінің рахатын көруде. Өйткені, табиғи өнімге қашанда сұраныс жоғары.
Тек, бұл іске тосырқай қарап, тәуекелге бара алмай отырғанымыз ойлантуы тиіс.
А.Таубаева