Кәсіптік бейімделу – келешекке көз тігу

(0 Votes)

Атырау облысындағы бірден-бір алпауыт кәсіпорын – «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛДЫ» еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуынан бөліп қарай алмаймыз, онымен байланыстыратын ортақ нәрселер көп. Отанымыздың өркендеуіне қосып отырған үлесі бір төбе. Қайырымдылық көрсетуден де тыс қалмайды. Мұнда еңбек ететіндер де тек жақсы жағын ғана әңгімелейді. Бұл – елімізде ТШО-ның беделі жоғары екенінің көрінісі. «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» ЖШС мемлекет басшысы жариялаған «жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қандай жұмыстар атқаруда? Оған төменде тоқталамыз. Қазір серіктестік жайлы қысқаша ақпарат ұсынуды жөн көріп отырмыз.

2025 жылдың қаңтар айында Теңіз кен орнында мұнай өңдеу көлемін жоспар бойынша жылына 12 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік беретін межеге қол жеткізген. Аталған кен орнындағы барлық нысандар толық өндірістік қуатқа көшкеннен кейін жылдық мұнай өндіру көлемі 40 миллион тоннаны құрайды деп күтілуде. Бұл негізгі түсімі қара алтыннан кіріп отырған еліміздің бюджеті үшін өте маңызды. Себебі, бюджетке түсетін салық, роялти және басқа да төлемдер түрінде құйылатын қаржы көлемі ұлғаяды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында шикі мұнай өңдеу көлемі 9,37 миллион тоннаны құраған.1993 жылдан бастап 2025 жылдың І тоқсанына дейінгі аралықта ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржылай төлемі 203 миллиард АҚШ долларынан асқан. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында елімізге төленген тікелей төлем 1,7 млрд. доллардан асып отыр. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында қазақстандық қамтуды дамытуға 458 млн. доллар шамасында қаржы жұмсалған.

ТШО-ның еліміздің әлеуметтік саласының дамуына да қосып отырған үлесін атап өтейік. Өз қызметкерлерінің 95,5%-ы – қазақстандықтар. Басшылық құрамдағы жоғары және орта буын жетекшілердің 85%-ы – жерлестеріміз. 1993 жылдан бері өз қызметкерлері мен Атырау облысы тұрғындарының игілігі үшін 3,5 млрд. долларға жуық қаржы бөлген. Биыл өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру саласын жақсарту және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған 21 әлеуметтік жобаға қолдау көрсетті. Ал құрылған күнінен бастап есептесек, ТШО «Игілік» жобасымен қоса өзінің әлеуметтік бағдарламалары шеңберінде Атырау облысында мектептер, ауруханалар, демалыс орындары, балабақшалар және басқа да қоғамдық нысандарды салу және жақсарту үшін 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаға инвестиция құйған. 2025 жылы Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануына орай ТШО одан шеттеп қалмауда. Айта кетер маңызды жайт, соңғы 5 жыл ішінде ТШО жобасы аясында ұзақ және қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, Атырау және Маңғыстау облыстарында 3772 адам жұмысшы мамандықтарына оқытылған. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Теңізшевройл» ЖШС биыл облысымыз бойынша 95 жұмыссыз жасты жұмысшы мамандықтарына оқытып отыр. Оларға бұған дейін нарықтың талабына сәйкес дәнекерлеуші- құрастырушы, электрмонтер, слесарь- құралшы, құбыр жүргізуші және басқа да мамандықтар бойынша білім берілген болса, биыл тегін өткізілген 2 және 2,5 айлық курстар құбыр, электр, бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика монтаждаушысы, металл құрылымдарын дәнекерлеуші мамандықтарын меңгерді. Үміткерлер алдын ала тестілеу арқылы іріктеліп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы оқуға тартылды. Курстарға қатысушылар тегін тамақпен, оқу құралдарымен қамтылып, тек оқып қана қоймай практикалық сабақтар арқылы кәсіби дағдыларды меңгерулеріне жағдай туғызылды. 2024 жылы ТШО электромонтаждаушы, КИПиА монтаждаушы, құбыр монтаждаушы, металл құрылымдарын дәнекерлеуші мамандықтарына 168 адамды даярласа, биыл бұл бағытта 95 адам білім алып отыр. Бір мысал келтірсек, солардың қатарында 25 жастағы Нұрсұлтан Байтас КИПиА монтаждаушы мамандығын игерген.

– Колледжден электромонтаждаушы мамандығы бойынша білім алып, жұмыс жасап жүргенімде қысқартуға ұшырадым. Әрине, жұмыссыз жүрген жақсы емес. ТШО ұйымдастырған курс біліктілігімді арттыруға жақсы мүмкіндік берді. Себебі, оқудың 30 пайызы теория, 70 пайызы практика арқылы жүргізілді. Мұның кәсіби маман ретінде қалыптасуыма пайдасы зор. Тек теория жүзінде қалмай, оны практикамен ұштастырған бізге көп нәрсені үйретеді. Аудандардан келгендер барлық жағдайы жасалған жатақханаға орналастырылды. Курста 20 адам оқыса, соның тең жартысы – жастар. Бұрын өндірісте жұмыс істеуді білмейтін едім, курстардан жақсы тәжірибе жинадым. Бастапқыда бейресми түрде жұмыс істеп, бір айдан кейін тұрақты қызметке ауыстым, – дейді Нұрсұлтан Байтас. Әрине, Нұрсұлтан Байтас сияқты ТШО арқылы ризығын тауып жүрген еліміздің азаматтары аз емес. Бір ғана кәсіпорынның өзі еліміздің дамуына қомақты үлес қосуда.

Айнагүл ШАКУПОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT