Қашаннан балығы тайдай тулаған ауданымыз – су маржанымен талай ұрпақты аман сақтап қалған қасиетті мекен. Қаншама қиындықтарға қарамастан аға буын мен ізін жалғастырған кішілер атакәсіптің іркіліссіз ілгерілеуіне өз үлестерін қосты. Балықшыларымыз берекелі істің басынан табылып, егемен ел экономикасының дамуына, халық тұрмысының оңалуына, әл-ауқатының жақсаруына еңбек сіңірді. Қайтқан судың қайырын сезінген олар жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязы, табиғаттың түрлі құбылыстарына тосырқамай, қиындығы мол жұмысқа табандылықпен атсалысты.
Мұзбалақ балықшылардың кәсіби мерекесінде С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Теңіз төсіндегі еңбек – ел ырысы» атты салтанатты жиын өткізілді. Шара барысында аудан әкімі Абат Жанғалиев жиынға қатысып отырған балықшыларды, сала ардагерлерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
– Балық шаруашылығы – аймақ экономикасында өзіндік орны, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған атакәсібіміз ғана емес, береке-байлығымыз болып отыр. Өзен-көл, теңізіміз балыққа толса, халықтың берекесі мен байлығы. Бүгінде күн демей, түн демей жасаған еңбектеріңіздің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Сіздердің алдағы уақытта да балық шаруашылығының дамуына үлес қосатынындарыңызға сенімдімін. Ауданымыздың балығын өсіріп, оны қорғау мен молайтуға аянбай үлес қосып жүрген сіздердің қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңізге толайым табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, құт- береке тілеймін, - деп Атырау облысы әкімінің Алғыс хатын «Сәрсенбаев» шаруа қожалығының қорықшысы Шапағат Құлбарақовқа, «Каспий таңы» ӨК балықшысы Қадыржан Тәжібаевқа, «Тілекші» ЖШС қызметкері Нұркен Абеновке табыстады.
Сонымен бірге өзінің Алғыс хатымен бір топ сала үздіктерін ұлығылады. Сахна төріне көтерілген аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева кәсіби мерекеге орай облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хатына ие болған «Каспий-Балық» ӨК балықшысы Сырым Ниғметов, Құрманғазы балық инспекциясының бас маманы Табиғат Хамзин, «Каспий таңы» ӨК балықшысы Жеңісбек Сұлтановқа табыстап, аудандық деңгейдегі осындай марапатты кәнігі балықшылардың бірсыпырасына ұсынды. «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин өз құттықтауына қоса кәсіби мереке иелеріне лайықты құрметін көрсетті. Балықшылар күніне арналған салтанатты шараны аудан өнерпаздары әнмен әрлеп, бүлдіршіндер би билеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айбек МЕЙІРМАН
Құрманғазы ауданы