"Келешек кеңею": қызметкерлердің 93%-ы әлеуметтік қолдаумен қамтылған

"Келешек кеңею": қызметкерлердің 93%-ы әлеуметтік қолдаумен қамтылған
Фото: tengizchevroil.com
(0 Votes)

ТШО-ның Келешек кеңею жобасы (ККЖ) жобасы бойынша 60 мыңнан астам адам жұмыс жасаған, бүгінде құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты жобада 10800 қазақстандық және 1000 шетелдік азамат еңбек етуде, деп хабарлайды АtyrauРress тілшісі. 

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, биылғы жылы ККЖ-нан 11 155 адам босатылған, оның 4 104-і (37%) - облыс тұрғындары. Құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты 2024 жылы "Теңізшевройл" компаниясының болжамына сәйкес 18 713 қазақстандық азаматты босату жоспарланды, оның ішінде 7 089 адам (38%) - облыс тұрғындары.

Жұмыспен қамту басқармасы өкілінің ақпараты бойынша, жобадан қанша адам қысқартылып жатқанын және олардың қалай жұмысқа орналасатынын бақылау үшін Еңбек министрлігі, Атырау облысы әкімдігі мен ТШО арасында Жол картасы бекітілген. Мәселен, жобада жұмысынан айырылған 4 104 адамның 93%-ы (3 806 адам) әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 1 379 адам тұрақты жұмыс орындарына, 37 адам қоғамдық жұмыстарға, 9 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 10 адам жастар тәжірибесіне, 7 адам "Күміс жас" жобасына орналастырылды.

Жұмыстан басқа, босатылған қызметкерлерге кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және бизнесті дамытуға қайтарымсыз гранттар ұсынылады. 57 адам "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша оқытылды, оның ішінде 35 адам сертификат алды.

Сонымен қатар, "Бастау-Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған 5 адам 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өз ісін бастады. Атап айтқанда, олар, яғни, көпбалалы отбасылардан шыққан жұмыссыздар пластикалық терезелерді орнату бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға, дәнекерлеу цехын, жиһаз жасау шеберханасын құруға, автомобильдердің кондиционерлерін жөндеуге және төсеніштерді өндіруге грант алды.

Осы орайда, Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА ККЖ-нан босатылған қызметкерлерге мемлекет тағы қандай көмек көрсететінін айтып берді.

- "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша оқытылғандардың ішінен қазіргі уақытта өз ісімен айналысатын 31 жеке кәсіпкер бар. 2 271 адамға жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Сонымен қатар, жұмыссыздар мен жобадан босатылған азаматтар үшін ТШО жыл сайын жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды қайта даярлау курстарын ұйымдастырады. Биылғы жылы 225 адам оқуға жіберілді, оның ішінде бүгінгі таңда 131 адам 4 мамандық бойынша (электромонтажшы, металл конструкцияларын дәнекерлеуші, БӨП монтажшысы, құбыр монтажшысы) оқуын жалғастыруда, - деді ол.

Бұл мәселе әкімдіктің тұрақты бақылауында. ТШО-ның жауапты қызметкерлерімен бірлесіп ай сайын мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдармен деректерді салыстыру, бос жұмыс орындарына орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Жанат Шаяхметова,

Аударған – Амандық Сағынтайұлы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT