Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 408,1 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 53,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ең2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 185,7 мың адамды құрайды.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 64,7 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.