Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толды. Бұл – бір ғасырға жуық уақыт. Өкінішке қарай, соңғы уақытта соғысқа сипат беру өзгеріп, көп мәселеге байланысты басқаша көзқарас, пікірлер айтылып жүр. Дегенмен фашистік Германияға қарсы соғыста кеңес халқының ерлігі мен қаһармандығын жоққа шығара алмаймыз. Себебі әкелеріміз қан майданда тәуелсіздік жолында күресті. Егер фашистік Германия кеңес одағын басып алса, оны жоқ қылып, құрамындағы халықты да жояр еді. Сондықтан Жеңіс күнінің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор деп білемін.
Кейінгі уақытта Жеңіс күні өз деңгейінде атап өтілмей келеді. Бұл дата өз мағынасын жоғалтып бара жатқандай көрінеді. Дегенмен ел Президентінің 80 жылдыққа ерекше көңіл бөлгені бізді қатты қуантып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілетін іс-шараларды бекітті.
Біз секілді қиын кезде өмір сүрген, өмірге келгендерде балалық шақ болды деп айта алмаймыз. Ол уақытта үйде қалған қариялар, әйелдер өздері аш болса да, жылы киім, азық-түліктің бәрін майданға аттандырды. Ер-азаматтардың жұмысын атқарды. Буынымыз қатып үлгермесек те, еңбекке ерте араластық. Егін егу, мал өсірумен айналысып, тағдырдың қатал жазуымен жастайынан жесір қалған анамызға қолғабыс жасауға талпындық. Соғыстың салқынын сезген бала болған соң, қазір Жеңіс күнін бір қуана, бір күрсіне қарсы аламыз.
Аймағымызда ерлікті ұлықтау шаралары жақсы жүзеге асырылды. Мәселен әр елді мекенде, аудандарда соғысқа қатысқан майдангерлерге арналған монументтер орнатылғаны белгілі. Арнайы алаңдар мен аллеялар да орналастырылды. Алдағы уақытта тың бастамалар боларына сенемін. Себебі заманның тыныштығы, халқының амандығы үшін кеудесін оққа тосқан, қасық қанын аямаған ата-бабаларымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Балаларға Ұлы Отан соғысының мән-маңызын, ата-бабаларымыздың не үшін майданға аттанғанын түсіндірудің маңызы зор.
Елімізде ешқашан соғыс болмасын! Ұрпағымыз мұндайды көрмесін деп тілеймін!
Марфуға ӘДІЛОВА,
еңбек ардагері