ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАҚ ЕМЕС

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАҚ ЕМЕС
(0 Votes)

Адамзат өз тарихында көптеген соғыстарды бастан кешті. Бірақ солардың ішінде ең ауқымдысы, құрбандары мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі екінші дүниежүзілік соғыс – Ұлы Отан соғысы болды.

Міне, сол Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 80 жыл толғалы отыр. Қазақ елінің басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болғаны соншалық, ұлан-байтақ жеріміз үшін қорқу деген сезімді жүректерінен жұлып алып тастағандай. Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.  Осы ретте біз айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлердің бірі – аудан тұрғын болған Шамель Өтегенов жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.

Шамель Шүнішқалиұлы 1920 жылы бұрынғы Гурьев қаласында өмірге келген. Әкесі Шүнішқали ұстаздық қызмет атқарған, ал анасы Аққауын он саусағынан өнер тамған шебер болған. Ол алғаш білім жолын Мақат бастауыш мектебінде оқып, кейіннен Гурьев қаласындағы Орджоникидзе мектебінде аяқтайды. Әкесі салып кеткен сара жолын жалғап, 1936 жылы Гурьев педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1939 жылы орыс тілі мамандығын тәмамдап шығады. Осылайша, алғашқы еңбек қызметін Қызылғоға ауданындағы Қаракөл орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен ұстаз болып бастайды. Сол жылдың қараша айында Тайпақ аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында әскерге аттанады.

Әскерде жүрген уақытында фашистік Германия елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Соғыс уақытында Солтүстік Кавказ майданында 10-шы гвардиялық атқыштар бригадасында взвод командирі болады.

Содан кейін 1943 жылы Ессентуки қаласында курсант болып, кейіннен рота командирі атанады. Ал, 1944 жылы №63 механикаландырылған гвардиялық полк штаб бастығының көмекшісі болып жүріп, 1945 жылы КПСС мүшесі атанады. Әрі қарай, 1946 жылы қараша айында Германия жерінде  механикаландырылған батальонда штаб бастығы болып жүргенде соғыс аяқталып, әскерден босатылып, жеті жыл, төрт ай уақыттан кейін елімен аман-есен қауышады.

Елге келгеннен бастап, уақытын бос өткізбей, әртүрлі салада қызмет атқарады. Ол алдымен 1950 жылға дейін облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып кейіннен, Қызылқоға аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болады.

Содан 1969 жылы тамыз айынан бастап, Қарабау орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып жұмысқа орналасады. Өмірде әр адамның өз жолы, өзіндік үлесі бар дегендей соғыстан қалған жарақаттан 51 жасқа қараған шағында 1971 жылдың 8 наурызында өмірден өтеді.

Бүгінде Шамель Өтегенов пен тағдыр жолықтырған жары Үміт екеуінен тараған ұл-қыздары Дина, Абай, Майра, Мария, Ғалия есімді ұрпақтары соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек әкелерін ұлықтап, ел үшін қосқан үлесін мақтанышпен еске алады.

«Әкем өте отаншыл адам еді. Бала кезімізде бізге соғыс туралы естеліктерін, Отанға деген адалдық жайында дастархан басында көп әңгімелеп отыратын. Кешқұрым отбасы түгел жиналғанда, кешкі тамақтан соң анам екеуі балаларын жинап, бізге концерт қойғызатын. Біріміз конферансь болсақ, біріміз көркемсөз оқып, одан қалды, бірігіп ән айтатын едік. Әкем Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнін жақсы көретін әрі сол әнді бізге айтқызатын. Сонымен қатар, «Катюша», «Синий платок» әндерін өзі бізге қосылып айтатын-ды. «Сендер бақытты ұрпақсыңдар, бастарыңа соғыс бұлты төнбесін. Оқыңдар, білім қуыңдар, адам болыңдар» деген сөздерін естіп өстік. Омырауындағы медальдары мен ордендерін көрсетіп, «Мыналарды маған жәй бере салған дүние емес, бұның әрқайсысы қанмен келген жеңістер» деп жылап та қалатыны әлі күнге дейін көз алдымда. Қайран әкем соғыс тақырыбы туралы әңгіме қозғалса «Отаным-ай», «Халқым-ай», «Боздақтарым-ай» деп тебіреніп кететін», - дейді батыр бабаның қызы Мария Шамельқызы.

 Ол Белоруссия майданында үшінші дәрежелі «Михаил Кутузов» , «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «За Победу над Германией в ВОВ 1941-1945г» медалімен, «За взяти Берлина» медалімен, «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 25 жыл», «СССР қарулы күшінің 50 жылдығы», «Еңбектегі ерлігі», «За трудовую доблесть» медальдарымен наградталған. Сондай-ақ Совет Одағының Жоғары бас қолбасшысы Сталиннің алғыс хатымен марапатталған.

 Ұлы Отан соғысы халықтың тарихындағы қасіретті жазбалар ғана емес, сонымен қатар ол халқымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, ең бастысы бірлігінің дәлелі.

Сондықтан ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанын құрбан етуге даяр болған қаһарман бабаларымыздың ерлігі – бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде.

Қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс ардагерлері ешқашан да ұмытылмақ емес.

 

Г.ЖҰБАНЫШҚАЛИЕВА

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT