АУРУ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық саласын назардан тыс қалдырған емес. Биылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек деген болатын. Қазіргі уақытта салауатты өмір салтына аса мән беріліп, бұл мәселе қолға алынып келеді. Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет екені даусыз.

 Жақында аудандық емханада «Инсульт дегеніміз не?», «Инсульттің алдын алу шаралары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Осы орайда, аудандық емхананың дәрігер-кардиологы Жанар Жаңабаевамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Жанар Аманғалиқызы, алдымен жалпы инсульт дегеніміз не, неден пайда болады? Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз?

– Инсульт – бас қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы, миға қанның кетуі, мидың субарахноидалды қабатына қан құйылуы мен мидың инфарктісі. Инсульттің бірнеше түрі бар. Оның бірі – геморрагиялық инсульт. Ол баста қан тамырының жарылу себебінен пайда болады. Ал, екіншісі – ишемиялық инсульт. Бұл – бастың қан учаскесіне қан-тамырының жетіспеуі. Үшіншісі – субарахноидалды инсульт. Яғни, бастың ішіндегі қабығына су, қан кетеді. Инсульттің бірінші себебі – ми қан тамырларының атеросклерозы, яғни қан-тамырда холестерин көбейеді. Екіншіден, артериялық гипертония, қан қысымының көтерілуі немесе қан қысымының төмендеп кетуі. Үшінші себебі – вегототамырлы дистониялар және жүрек қан-тамырлары аурулары. Төртіншіден, қан аурулары себеп болады. Сонымен қатар, ішкі органдардың патологиясы, атап айтқанда, жүрек ауруы, қант диабеті, қатерлі ісік ауруы, миокартдың инфарктісі, барлығы да осы инсульттің шығуына әсер етеді.

– Инсултьттің белгілері қандай?

– Инсульт кезінде адамның қол-аяқ бұлшық еттері жансызданады, сөзі мен жүрісі бұзыла бастайды. Басы ауырып, есін жоғалтады. Бұл белгілер пайда болған кезде бірден дәрігерге жүгіну қажет. Сонымен қатар инсульттің белгілерінен бөлек ауруды туғызатын факторлар болады. Бұл факторларға – экологиялық жағымсыздықтар, кенеттендіру және автоматтандыру, жүйкенің шамадан тыс тырысуы. Қазіргі ғасырда қимыл-қозғалыстың аз болуы да инсульттің пайда болуына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ қант диабеті мен жүрек ауруларының өсуі, дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, алкоголь өнімдерін тұтыну және артық салмақ. Мұның бәрі инсульттің пайда болуына, әрі қарай өршуіне себеп болып отыр.

– Өзіңіз көріп жүрсіз, бүгінде инсульт алушылар қатары көбеюде. Аурудың қалай алдын алуға болады?

– Иә, бүгінде бұл ауру жас талғамай тұр. Тұрақты түрде қан-тамырды дәрігерге тексертіп тұру қажет. Жасы 40-тан асқан тұрғындар өзінің тұрғылықты мекенжайына қарасты емханада скринингтік тексерістен өтуі керек. Сонымен қатар дәрігерге жүгініп, тиісті анализдерді тапсырады. Әрі қарай дәрігер анализ көрсеткішіне байланысты ем-дом тағайындайды. Дәрігердің бақылауында тұрған науқастар тұрақты түрде ауруханаға жатқызылып емдерін алып тұрады. Сондай-ақ күнделікті тұрмыста ас тұзды күніне 5 грамға дейін шектеу қажет. Шылым тартудан, ішімдік ішуден бас тартып, спортпен шұғылдануды әдетке айналдыруы тиіс. Оған қоса дұрыс тамақтануды қолға алып, қан-тамырдағы холестеринді азайту керек. Салауатты өмір салтын қолдану қажет.

– Науқас инсульт алған жағдайда не істеу керек? Ауруханаға келген кезде қандай алғашқы көмек көрсетіледі?

– Қазір халықаралық тест бойынша «FAST test» бар, яғни бұл – жүздің қисаюы, қолдың әлсіреуі, тілдің бұзылуы және уақыт дегенді білдіреді. Осы үш белгі пайда болған кезде міндетті түрде 103-ке қоңырау шалып, облыстық аурухананың Инсульт орталығына келу қажет. Көбінесе мұны қарапайым тұрғын біле бермейді. Науқас бастапқы 1-2 сағат ішінде ауруханаға келсе, біз 4 жарым сағатқа дейін дүниежүзі бойынша стандартқа сүйеніп, көмек көрсетеміз. Егер науқаста инсульттің ишемиялық түрі болса, онда тромболизис терапияға жүгінеміз. Яғни, бас қан-тамырының ішінде ұйыған тромбыны ерітетін укол саламыз. Мұның эффектісі 90 пайызға дейін жетеді. Бірақ, науқастар бірінші рет инсульт пайда болған кезде медицинадан бұрын, әртүрлі емді үй жағдайында қабылдап, жасайтыны бар. Осылайша 6 сағаттан кейін ауруханаға кешігіп келетін науқастар жиі кездеседі. Мұндай кезде дәрігерлер көмегі өз нәтижесін бермей қалуы да мүмкін. Сондықтан тұрғындар осы нәрсені ескерсе екен деймін. Ал дер кезінде келген науқастардан тез оң нәтиже байқаймыз. Екінші геморрагиялық инсульт – бұл қан-тамырының жарылып кетуінен пайда болады. Бұл кезде облыстық компьютерлік томографияға түсіріп, бастағы қанның көлеміне қарап, ем жүргіземіз. Қан көлемі 30 миллаграмм жоғары болса, онда нейрохирургтар операциялық жолмен ем жасайды. Одан төмен болса, біз дәрі-дәрмекпен терапиялық ем көрсетеміз. Бастысы ауруды асқындырып алмау үшін, өз бетінше үйден ем қабылдамай, бірден 103-ке хабарласуы керек. Уақыт оздырмай ауруханаға келген дұрыс. Себебі, ауруханада науқасты емдеп жазуға барлық мүмкіндік қарастырылған.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан, Кәмшат ӘБІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT