Облыста үш мыңнан астам адамның көлік салығы бойынша 250 млн теңге берешегі бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жеке тұлғалардың меншік құқығында салық салу объектілері болғандықтан көлік құралдары салығын есептеу АЕК негізінде жүргізілуде. Бұл жүйегк сәйкес. 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған немесе елімізге әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын жеңіл автомобильдерге жоғары мөлшерлеме қолданылатыны нақты бекітілді. Ол жөнінде Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Гүлжан Қабдрахманова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Салық төлеу жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылмақ, ал есептеу кезеңі бір жыл аралығын қамтиды. Егер салықтық берешек түзілсе, яғни, жеке тұлға өз салықтарын уақытында төлемесе, алғашқы хабарлама салықтық берешек қалыптасқан күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі. Толық төлем жасалмаса, отыз жұмыс күнінен кейін мәжбүрлі түрде өндіру шаралары, соның ішінде салық бұйрығын рәсімдеу арқылы әрекетке көшеді.
- Заңнамада көлік салығынан босатылатын немесе жеңілдіктерді қолданатын категорияларға қатысты нақты ережелер бекітілді. Мүгедектігі бар азаматтар мен кейбір әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлғаларға бір автокөлік құралы бойынша салық жеңілдіктері қарастырылған. Сондай-ақ жеке тұлға бірнеше көлікке ие болса, жеңілдік ең жоғары салық сомасы бар нысанға қатысты қолданылады. Сонымен қатар адам өз тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда салық төлеу жаңа мекенжай бойынша жүргізіледі. Біздің басты міндетіміз – салықтық тәртіпті қатаң бақылау арқылы қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау, - деді Г.Қабдрахманова.
Бүгінде 112 мыңнан астам жеке тұлғаның атында 170 мыңға жуық көлік құралы тіркелген. Есептелген салық сомасы 3,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде биылға берешегі барлардың саны – 3246 адам.
Айта кетейік, салықты 1 сәуірден кешіктірмей төлеу қажет.