Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты челлендж ұйымдастырды. Бастамаға оқу ордасына ұлттық үлгіде киініп келген 200-ге жуық оқытушы-профессоры мен мың студент қатысты.
Атырау университеті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасиетті Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан: «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», - деген бастамасын жаңғыртып, жалғастыруды көздейді. Бүгінде 85 жылдық тарихы бар Атырау университеті ұлттық дәстүрге ерекше мән беріп, соңғы жылдары аптаның әрбір жұма күнінде ұлттық киім киюді дағыдыға айналдырды.
«Университетімізде ұлттық нақыштағы киімдерді кию трендке айналып келе жатыр. Қазақтың ұлттық киімі мен әшекей бұйымдарында төл мәдениетіміз бен тарихымыз, салт-дәстүріміздің ғасырлар тезінен өткен ізі бар. Бұл - ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық болмысымыз. Ұлттық киімді ұлықтау мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындарына осы челленджді жолдаймыз. Жастар сәні мен салтанаты келіскен киімді киіп, оның рухани маңызын, ұлттық ерекшелігін паш етуде. Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім күнделікті өмірде сәнге айналғаны жөн деп білемін», - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.
«Жайық» спорт кешенінде өткен челленджге қатысқан оқытушы-профессорлар мен білім алушылар тоғыз құмалақ, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, бес тас ойнау, кіртасын көтеру, қол күрес сынды қазақтың ұлттық ойындарынан өзара сайысқа түсті.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бастаған челленджді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университеттерінің оқытушы-профессорлары мен студенттеріне, Атырау облысының барлық мемлекеттік қызметкері және білім басқармасына қарасты колледждер мен мектеп ұжымдарына жолдады.