Атырау облысының әкімі Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісімен кездесті

(0 Votes)

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов пен Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич кездесті. Жиында Атырау өңіріне инвестиция тарту мәселесі сөз болды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Алешка Симкич Серік Шәпкеновке жылы қабылдауы үшін алғыс білдіре отырып, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

- Атырау облысына алғаш рет ресми сапармен келіп отырмын. Осы кездесуіміз белсенді байланыстарға тың серпін береді деп сенемін. ЕО-ның тауар айналымының 90%-н мұнай-газ секторы құрайды. Атырау облысымен сауда-экономикалық қарым-қатынасты арттыруда транспорт саласына назар аудару қажет деп санаймын. Бұл ретте теңіз портының мүмкіндігін білгім келеді, себебі осыған байланысты арнайы жобамыз бар,-деді А.Симкич.

Серік Шәпкенов Атырау облысы мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық дамып жатқанын айтты. ЕО экономиканың ірі инвесторы екенін алға тартып, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуда бірлесе жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

- Біздің көпқырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін мүмкіндік мол. Атырау облысының географиялық жағдайы ЕО-мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуде сауда-экономикалық, мұнай-газ және көлік-логистика саласына қолайлы. Өңірдегі инвестициялық тұрақтылықтың айғағы - 259 еуропалық кәсіпкер ісін дөңгелетіп отыр. Сондықтан екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, ЕО инвестицияларын тартуға үмітіміз зор,-деді С.Шәпкенов.

2024 жылдың сегіз айында Атырау облысының Еуро Одақпен сыртқы тауар айналымы – 15,7 млрд. АҚШ долларын құрады. Экспорт – 15,4 млрд. АҚШ доллары, импорт – 300 млн. АҚШ доллары.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT