Әлеуметтің әлеуеті қандай?

Әлеуметтің әлеуеті қандай?
(0 Votes)

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2022 жылғы 14 сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын бекітті. 2023 жылғы 28 наурызда бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Үкіметте сөз болып отырған бағдарлама азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, әл-ауқатты арттыру, еңбек саласындағы қолданылып жүрген әдістерді жаңалау мақсатында жұмыс істейтінін айтқан болатын. 

КЕДЕЙШІЛІК МӘСЕЛЕСІ ЖҰМЫССЫЗДЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ

Қазақстандағы кедейшілік деңгейі туралы мәліметтер өте маңызды мәселелерді көрсетеді. Ресми мәліметтер бойынша, мемлекетімізде та­бысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көрсеткіші 5,3 пайызды құрайды, ал ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) әдістемесі бойынша бұл көрсеткіш шамамен 10 пайыз деп анықталған.

Бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақ- тастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда салыстырмалы түрде төмен болғанымен, әлі де шешімін табуды қажет ететін мәселе болып табылады. Айта кетерлігі, еліміздің өңірлерінің басым бөлігінде табы­сы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың үлес салмағы артып отыр.

Халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігі тіпті дамыған елдерде де баршылық екенін статистикаға қарап көруге болады. Мысалы, АҚШ-та кедейшілік деңгейі 16,8 %, Израиль­де 17,7 %, Чилиде 16,8 %, Канадада 14,2 %, Ау­стралияда 12,8 %, ал Ұлыбританияда 10,8 %-ды құрайды. Қазақстанның көрсеткіштері кейбір ЭЫДҰ елдерінен төмен болғанымен, әлі де кедейшілік мәселесі өзекті болып қалуда, әсіресе жұмыссыздықпен байланысты пробле­малар шешімін толықтай таба қойған жоқ.

ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

«Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» халықтың табы­сын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту және өмір сүру сапасын көтеру мақсатында әзірленді. Оның аясында шамамен 34 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 73 жобаны іске асыру жоспарланған. Соңғы бес жылда Қазақстанда халықтың табысы мен өмір сүру деңгейін арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Мысалы, 2025 жылға дейін 2 мил­лион жұмыс орнын ашу жоспарланған. Соны­мен қатар, 2022 жылғы 3-тоқсанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3% құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бері кейбір өңірлерде өсіп отыр.

Алғашқы 2022 жылы 14 жоба іске асырылып, 9,5 мың жұмыс орны құрылатын болады, оның ішінде 1-ші жартыжылдықта 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бұл орайда үкімет пен министрліктер ғана емес, «Самұрық-Қазына» инвестициялық холдингі де белсенділік та­нытуда. Аталған қор өндіріс орындарындағы қатардағы жұмысшылардың жалақысын көбейту, әртүрлі өңірлердегі жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында елеулі еңбек етіп келеді.

Қор еліміздің батыс өңірлерін сумен қамтамасыз етуге, Алматы энергетикалық орталығын газдандыруға және теміржол көлігін дамытуға бағытталған 13 көлемді жобаның жұмыстарымен айналысуда. Осы жұмыстар өз нәтижесін берсе, жаңадан 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашыла­ды деп күтілуде. Өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында мемлекет «жасыл» экономиканы дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау сала­ларына инвестиция тарту, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдауда.

ЖЕМІСІН БЕРГЕН ЖОБАЛАР ДА БАР

Бағдарлама аясында Қазақстанда бірнеше нақты жоба іске асырылып, олардың нәтижелері байқалуда. Солардың тиімді жолға қойылғаны – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба кооперациялық тізбекті дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыруды мақсат етеді. Оның шеңберінде ауыл тұрғындарына шағын несиелер беру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және дамыту, сондай- ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өткізу бойынша қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындардың табысы өсуде.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі жобалар» бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібінде кемінде 100 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар арқылы 800 млрд теңге инвести­ция тартылып, 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Мысалы, Түркістан қаласында 32 жоба шеңберінде 547 жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды жеделдету мақсатында ғылыми-технологиялық акселерация тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама аясында 140 ғылыми өндіріс құрылып, ғылым мен бизнестің байланысын нығайтуға бағытталған шаралар қабылданды.

Маңғыстау облысында іске асырылып жатқан «Мамандығым – болашағым» жоба­сы өңірде сұранысқа ие 40 жаңа мамандықты анықтап, колледждерге арналған 25 жаңа оқу бағдарламасын әзірлеуді көздейді. Бұл шаралар жастарды жұмыспен қамтуға және олардың та­бысын арттыруға ықпал етеді. Ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Жамбыл облысы­на 217 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл қаражат әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету және жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобаларды іске асыруға жұмсалды.

Бұл жобалар – «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып, елдегі әлеуметтік- экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты қадамдар.

АТЫРАУ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫС ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ ӨҢІР

«Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» тек жалақыны тікелей бюджет пен кәсіпорындар есебінен арттыруға ғана емес, сонымен қатар адам капи­талын дамытуға, кәсіби біліктілікті арттыруға, еңбек өнімділігін арттыруға, сонымен қатар жалақыны және жұмыспен қамтуды артты­ру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын алатын орта және ірі кәсіпорындар, олардың бірлескен жауапкершілігін қамтамасыз ету­ге бағытталғаны көрсетілген. Жаңартылған кешенді жоспар бес бөлікті назарға алып, сол бойынша жұмыс істемек. Атырау об­лысында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Алдағы бесжылдықта об­лыс көлемінде 10 ірі инвестициялық жоба­ны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар аймақ тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған.

Атырау облысы мұнай-газ өнеркәсібінің орталығы болғандықтан, халықтың та­быс деңгейі республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Дегенмен, аймақтар арасындағы табыс деңгейін салысты­руда әртүрлі факторларды ескеру қажет, мыса­лы, өмір сүру құны, инфрақұрылымның дамуы және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі.

Жалпы, Қазақстанда халықтың та­быс құрылымында соңғы 10 жылда еңбек табысының үлесі 7,3 пайыздық тармаққа төмендеген (2010 жылғы 71,3%-дан 2022 жылғы үшінші тоқсанда 64%-ға дейін), ал әлеуметтік трансферттердің үлесі 7,2 пайыздық тармаққа өскен. Аймақтар арасындағы табыс деңгейін салыстыру барысында, жан басына шаққанда орташа табыс деңгейі жоғары аймақтарда әртараптандырылған өндіріс, қаржылық сек­тор және ғылыми-техникалық әлеуеттің болуы маңызды рөл атқарады.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға дейін 3,3 млн-нан астам адам, оның ішінде 2,3 млн. жас жұмысқа орналастырыла­ды, ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі 41,1%-ға дейін ұлғаяды (30,1%-дан), кедейшілік деңгейі 5%-ға дейін (5,3%-дан), жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға (4,9%-дан) дейін төмендейді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT