Бюджетіміздің басым үлесін мұнайдан түскен табыс құрайтындықтан, нарықтағы ахуалға әркез назар аударып отырамыз. АҚШ-та Дональд Трамптың билікке келуі нарықты аздап алаңдатты. Себебі Құрама штаттар басшысы мұнайдың әлемдік бағасын төмендетемін деп мәлімдеді. Ол алғашқы президенттік кезеңінде де бағаны түсіргісі келді. Бірақ баға түсе қойған жоқ. АҚШ – әлемдегі ең көп мұнай шығаратын ел. Өндірген мұнайының 70 пайызы – тақтатас мұнайы. Оның өзіндік құны – бар¬реліне 60 доллар шамасында. Егер баға құлдырап жатса, бірінші соққы¬ны басқа емес, АҚШ өндірушілері алады. Сонымен бірге жұмысшылары қысқара бастайды. Демек таяқтың екі ұшы да өзіне тиеді деген сөз.
Екіншіден, мұнайдың қазір үштен бір бөлігін ОПЕК елдері шығарып отыр. ОПЕК+ елдерін қоса алсақ, дүниежүзіндегі үлесі 40%-ға жуықтап қалады. ОПЕК+ 2016 жылы құрылды және негізгі мақсаты – мұнай бағасын төмен түсірмеу. Есте болса, мұнай бағасы 2014–2015 жылдары күрт төмен түсіп кеткен еді. Біз оны екі рет болған девальвациямен сезіндік. ОПЕК-ке кіретін Сауд Арабиясы қазір күніне 10 млн баррель мұнай шығарады. Бұл көрсеткішпен олар әлемде 2-орында тұр. Қаласа 12-ге дейін көтере алады. Бұл дегеніңіз – артық 2 млн баррель, ал Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері өндірісті күшейте отырып күніне 2 млн баррель өндіретін деңгейге енді жетті. Демек бұл ұйым бағаны бір-ақ күнде төмендетуге қауқарлы. Бірақ ол өзіне де тиімсіз, себебі Сауд Арабиясының бюджеті тікелей мұнай бағасына орай қалыптасып отыр. Олар қазір ауқымды жобаларға қаржы құйып жатыр, сондықтан бағаны төмендетуге мүдделі емес.
Жылжымайтын мүлік бизнесін дамыту, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту бойынша Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар елдері арасында қызу бәсекелестік бар. Оларды да демеп тұрған – мұнай мен газдың бағасы. Мұнайды тұтынушы елдер арасында Қытай жарты мұнайын өзі қамтамасыз етеді. Жартысын импорттайды. Бірақ біраз елде, мысалы, бізде де Қытай компаниялары жұмыс істейді. Олардың да өзіндік құны, құйған қаражаты бар. Қазір мұнай бағасы күрт түсетін болса сыртта құйған инвестициясын қайтара алмай қалады, екіншіден, оны Қытайға алып келу үшін де белгілі бір қаржыны талап етеді. Сондықтан қазіргі бағаны қолайлы деп айтуға негіз бар.
Осыдан бес жылдай бұрын еліміз үшін мұнайдың өзіндік құны 40-50 доллар деп есептелген еді. Құрлықта – барреліне 40 доллар, теңізде – 50 доллар. Бірақ қазір инфляциямен ол да көтерілген болуы мүмкін. Егер еліміздің кен орындарын жеке-жеке қарайтын болсақ, әрқайсында баға әртүрлі. Мысалы, Жаңаөзендегі мұнай барреліне 70 доллардан төмен болса, ешқандай табыс әкелмейді. Шығынды жаппайды. Сол себепті, Қазақстан үшін бағаның барреліне 60 доллардан төмен түспегені оңтайлы. Бюджетте мысалы, базалық баға 75 доллар деп жазылған.
Әрине, мұнай бағасының төмен болуы бізге тиімсіз. Өйткені әлеуметтік жауапкершілікті негізінен мұнайдан түскен табыс арқасында жауып отырмыз. Бюджеттің 8%ы ғана экономиканы әртарап¬тандыруға, дамытуға бағытталады. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш – кемі 50 пайыз.
2008 жылдары мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін жетті. 2010–2014 жылдар аралығында тұрақты 100 доллар деңгейін ұстап тұрды. Бұл кезді «алтын дәуір» деп атаса да болады. Бірақ сонша көп ақшаны экономикамызды әртараптандыру бағытына қарай лайықты жұмсай алмадық. Яғни мәселе ақшаны дұрыс жарата білуде болып тұр. Жыл сайын жылу электр орталығын жаңғыртуға 180 млрд теңге қаржы бөлінеді. Бірақ солай болды екен деп жылу жүйеміз керемет жұмыс істеп жатқан жоқ. Түркістан облысында 150 орындық мектепті қайта жөндеу үшін 1 млрд теңге бөлінген. Мұндай мысалдар көп. Артық-ауыс, ақша табу үшін жасалған жалған жобалардан арылып, етек-жеңімізді қымтап, мемлекеттік сатып алу бойынша, тендер бойынша тазалық жүргізуіміз керек. Бұлай етпейінше өндірісті ұлғайтқаннан ұта қоймаймыз.
Мұнай бағасын бюджетте жоғары етіп бекітіп қоямыз, ол кейде жоғары болар, кейде төмен болар, қалай болса да түсетін кіріс азая береді. Сөйтіп, бюжетке қысым күшейеді. Ақша діттеген мақсатқа жетпей, талан-таражға түсе берсе, береке болмайды. Дамыған елдерде, әсіресе Норвегияда ашықтықтың жолға қойылғаны соншалық, халық мұнай мен газ сатудан қанша табыс түсті және ол қандай мақсатқа жұмсалды, бәрін көріп отыра алады. Мұндай ашықтықты бізге де енгізер болса, бюджеттегі көптеген тиімсіз жұмсауларды анықтауға болар еді.
Абзал НАРЫМБЕТОВ,
Мұнай-газ саласының сарапшысы