Әкем салған ізгі жол

Әкем салған ізгі жол
(0 Votes)

Биылғы көктем айымен бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да жақындап келеді. Осыншама уақыт еліміз тыныш, бейбітшілік заманда мамыражай күй кешуде. Ол кімнің арқасы десек, әрине, ол дүниені қанға бөктірген екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншыларын қалай болғанда да жеңіп, елімізден аластату үшін қаны мен жанын берген, кеудесін оққа төсеп, мерт болған боздақтар мен соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің арқасы.

Соларды бірі, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, 1 топ мүгедегі, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, қарапайым да қайырымды, өз ісіне мұқият, асқар таудай әкеміз марқүм Түсіпқали Мұхамбетов туралы естелікпен бөліскім келді. Ол кісі бұдан 27 жыл бұрын өмірден озса да жыл сайынғы Жеңіс күнінде сағынышпен еске ала отырып, жүрегіміз сыздап, рухына тағзым етеміз. Біздер соғысты көрмесек те зардабын сезіндік. Күллі адамзатты құртып жібере жаздаған соғыс сұмдығын әкемізден, аға ұрпақтан естіп-білдік. Күні бүгін әкеміздің өмір жолы, салған ізі көз алдымызда, әсте ұмытқан жоқпыз. Ол кісіні үлгі тұттық, адамгершілігін, жанұясына деген мейірімі мен шексіз қамқорлығын ұдайы сезініп өстік. Қаншама қиындық көрсе де сабыр сақтап, оны ақылмен жеңдіретін.

Жайық өңірінің байлығы мен мәдениетін өркендетуге әкеміз зор үлес қосқан адам. Әкеміз Түсіпқали Мұхамбетов 1916 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданының Аққайың (Соро¬чинко) ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Алты жасында әкесі қайтыс болып, біраз қиындық көрген, бала кезінен зерек болып, 14 жасынан бастап-ақ еңбекке араласқан. 1931-1938 жылдары Сорочинко ауылында ауылдық кеңестің хатшысы, сатушы, есепші жұмыстарын атқарған. 1938-1940 жылдары Бақсай аудандық комсомол комитетінде түрлі жауапты қызметтерде болған. 1940 жылы кеңес армиясы қатарына алынып, соғыс басталысымен қан майданға аттанған. Батыс майданы бағытындағы №837 жаяу атқыштар әскери бөлімінде қатардағы жауынгер болумен қатар ротаның партиялық ұйымдастырушысы ретінде қоғамдық жұмысты қоса атқарған. Әкеміз соғыстың бастапқы жылдарындағы қиын кезеңді еске алғанда айтып отырушы еді: «Алғашқы жылы жаудың бетін қайтару қиын болды, бақайшағына дейін мұздай қаруланған неміс солдаттары мен темір танктеріне, бомба лақтырғыш ауыр самолеттерінің жойқын күшіне қарсы тұру адам төзгісіз жағдайда бол¬ды. Ал бізде қару-жарақ, киім-кешек, аяқ киімдер жетіспеді, тіпті екеуара бір мылтық берілді. Оны көздің қарашығындай сақтауға мәжбүр болдық. Қанқасап соғыс кезінде жас жауынгерлерді партия қатарына қабылдап, оларға партбилет берілген еді. Олар коммунист жауынгер болған соң қашанда алдыңғы шептен көрініп, ерлік жасауға жігерлендірілетін. Бет қаратпайтын қанқасап соғыста Тула облысының маңында әкемізге сол жақ иығынан жау мергенінің оғы тиіп, соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Әкеміздің жарақат салдарынан сол жақ қолы семіп, саусақтары бүгіліп қалған. Ауылға келісімен бірден қайнаған еңбек майданына кірісіп кеткен. 1942-1945 жылдары Бақсай аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, «Путь к социализму» колхозында партия саяси-мәдени ұйымдастырушысы, Гурьев облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімі нұсқаушысы жұмыстарын атқарған. Соғыс жылдарында күн-түн демей, егін, мал шаруашылығын дамытуға, майдангерлерге азық-түлік, киім-кешек жіберу, елдегі адамдардың еңбекке белсенділігін, жеңіске деген сенімін, құлшынысын арттыруға бағытталған көптеген саяси-мәдени шаралардың бел ортасында жүрген. Ашқұрсақ жүріп, талай ұйқысыз түндерді бастан өткерсе де адамдардың өмірге, жеңіске деген құлшыныс-жігері қиындықты еңсере жеңуге себеп болды деген сөзді талай өз аузынан естігенбіз. Соғыстан кейінгі ауданның экономикасын, ауыл шаруашылығын дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға әкеміз белсене араласқан. 1945-1949 жылдары Бақсай қаракүл совхозында партком хатшысы болып, еңбек етті. 1949-1952 жылдары Бақсай аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлім меңгерушісі болды. 1952-1954 жылдары қайтадан Бақсай қаракүл совхозында партбюро хатшылығына тағайындалды. Ол кезеңде барлық шаруашылық, саяси-мәдени жұмыстарға партия ұйымы басшылық жасайтын. Сол мезгілде Бақсай совхозында мал шаруашылығы қарқынды дамып, қаракүл елтірісін дайындауда республика көлемінде алдыңғы шаруашылық болған. 1954-1967 жылдары аудандық партия комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1967-1974 жылдары ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1974- 1984 жылдары ауыл шаруашылығы өндірістік бірлестігінің заң кеңесшісі болды. Соғыс және еңбек ардагері ретінде әкеміз Түсіпқали Мұхамбетов «Құрмет белгісі», «1 дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі грамотасымен, әртүрлі дәрежедегі бірнеше медальдармен марапатталған. 1940 жылдан бастап 50 жылдан астам партия мүшесі болған. Әкеміздің өмірге деген талпынысын, еңбекқорлығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Анамызбен екеуі көп балалы жанұя болды. Балаларын еңбекке, қарапайымдылыққа, адалдыққа тәрбиеледі. Өзі бір қолымен-ақ қара жұмыстан қалған емес, тыным таппайтын. Қолы шебер, тиянақты, жинақы жүретін, таза адам болды. Төсек тартып, қатты науқастанып жатса да 9 мамыр Жеңіс күнінде басын көтеріп отыратын.

Күні бүгін ауданымызда Ұлы Отан соғысының бірде-бір ардагері арамызда жоқ. Алайда оларды жеңіс күнінде сағынышпен еске алып, рухына тағзым етеміз! Келе жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! Халқымыз аман, еліміз тыныш, бейбітшілік заман болсын!

Қайша МҰХАМБЕТОВА,

Махамбет ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, әлеуметтік сала зейнеткері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT