«Әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік»: Ұлттық құрылтайда қандай өзекті мәселелер айтылды?

«Әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік»: Ұлттық құрылтайда қандай өзекті мәселелер айтылды?
(0 Votes)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соның ішінде салық саясаты, алаяқтықтың алдын алу, қоғамдық қорлардың қызметін қадағалау мен жат ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою мәселелері туралы айтты.

Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда елдің әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік саласындағы маңызды мәселелер көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соның ішінде салық саясаты, алаяқтықтың алдын алу, қоғамдық қорлардың қызметін қадағалау мен жат ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою туралы айтты. Ал аталған мәселелер бұған дейін құрылтай мүшелерінің және сарапшылардың назарында болғаны жасырын емес.

Салық саясаты: «жұрттың бәрі экономист емес»

Президент құрылтайда салық реформасының маңызын ерекше атап өтті. Ол салық жүйесінің мемлекеттің негізгі тірегі екенін әрі бюджет қаражаты болмаса, әлеуметтік міндеттемелерді орындау мүмкін емес екенін айтты.

- Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек, – деді Президент.

Қазақстанда салық жүйесінің көпқабатты, күрделі болуы белгілі бір дәрежеде бизнес үшін қиындық тудырып отырғаны бесенеден белгілі жайт. Себебі кәсіпкерлердің бір бөлігі салықты толық төлемей, түрлі заңнамалық олқылықтарды пайдаланып жатса, ал адал кәсіпкерлер бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің екі санатқа бөлініп отырғанын ашық айтты. Оның сөзінше, бір топ салық заңнамасының әлсіз тұстарын пайдаланып, табысын жасырады. Ал басқалары салықты толық төлеп, бірақ бәсекеге қабілеттілігінен айырылып жатыр. Бұл мәселеге байланысты Үкіметке заңнаманы реттеуді жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар Президент қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеруге қатысты сын-пікірлердің негізсіз екенін атап өтті. Себебі Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін және бюджет қаржысының жартысынан көбі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын тағы да баса айтты.

Қосымша құн салығына қатысты дау

Әрине, «қосымша құн салығына» қатысты дау басталғалы бері көптің көкейінде мазасыз сұрақтар туындап, біраз кәсіпкердің пікір білдіргенін көрдік. Қосымша құн салығы 12%-дан 20%-ға көтерілетіні жайлы ақпарат та тарады. Бірақ Президент мұның тым жоғары мөлшерлеме екенін айтты. Сондықтан Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығының мөлшерлемесін 16%-ға көтеру мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеген еді.

«Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал базалық мөлшерлеменің неге көтеріліп жатқанына бұған дейін отандық БАҚ-та экономистер де пікір білдірген. Мысалы, экономист  Расул Рысмамбетовтің биыл берген сұхбаттарында осы мәселе бірнеше рет көтеріліп, ол да Президент сөзін қуаттаған.

«Қазіргі әлемдегі экономикалық тұрақсыздық Қазақстанға да өз ықпалын тигізіп отыр. АҚШ-тың жаңа президенті қабылдаған шешімдер, мұнай бағасына қатысты саясат, жаһандық тарифтік соғыс – мұның бәрі еліміздің экономикалық жағдайына әсер етеді, – деген еді Р. Рысмамбетов.

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, мұндай жағдайда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға дейін көтеру туралы шешімі қажетті қадам болған. Сарапшы қазіргі уақытта әлемдік нарықта тарифтік соғыстың басталғанын айтады.

«АҚШ, Еуропа, Канада, Мексика және Қытай арасындағы сауда тартысы – жаһандық өзгерістердің белгісі. Біз, әлемдік экономиканың бір бөлігі ретінде, бұл процестерді міндетті түрде сезінеміз. Мұнай өндіруші ел ретінде олардың салдары бізге ауыр тиюі мүмкін», – дейді ол.

Ұлттық қор – шектеулі ресурс

Экономистің пікірінше, бюджеттің тапшылығы айқын сезіле бастады. «Алғашқы дабыл белгісі Екібастұз оқиғасы болды. Осыдан кейін инфрақұрылымды жақсарту шаралары қолға алынып, қаражат көздерін іздеу басталды. Ұлттық қор – ең қарапайым шешім, бірақ ол да шектеулі ресурс. Сондықтан Президент Ұлттық қорға қол сұқпау туралы шешім қабылдады, ал Ұлттық экономика министрлігіне қосымша қаржы табу міндеті жүктелді», – деген еді сарапшы.

«Нәтижесінде, ең тиімді жол – салықтық жүктемені арттыру болып шықты. Барлығын цифрландыру қажет. Барлық кәсіпкерді кассалық аппаратқа, QR арқылы төлем жасауға көшіру керек, яғни көлеңкелі экономиканы толықтай ашық ету маңызды. Бірақ бұл үшін мемлекет те өз тарапынан нақты қадамдар жасауға тиіс», – деді Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайға байланысты тарифтік саясат пен ҚҚС құрылымын қайта қарау керек. Сондықтан тарифтік саясатты, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған ұзақ мерзімді экономикалық жоспарларды қайта қарау қажет екенін айтқан.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан жаһандық экономикалық өзгерістердің ықпалын қатты сезініп отыр. Себебі салықтық жүктеменің артуы, ҚҚС өсімі, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі – бұның бәрі инфляцияны тежеу мен экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін қабылданған амалдар. Өйтпеске амал да жоқ. Дегенмен сарапшылар мемлекеттің бизнесті толық цифрландыруға әрі экономиканы «көлеңкеден» шығаруға күш салуы қажет екенін айтады.

Президент: «әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік»

Енді Президент сөзінше, салықтан жалтарған бизнес иелері қатаң жазаланады. Әсіресе соның ішінде салықтан «сыпайы» түрде айналып өткісі келіп, кәсібін бөлшектеп тастағандар үшін заңнамаға өзгерістер енбек.

- Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған. Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек. Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген. Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ қазір құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек, – деді Президент.

Мақсаты белгісіз «қайырымдылық қорлары»

Сонымен қатар құрылтайда алаяқтықтың кең таралып кеткені және оның қоғамға тигізетін кері әсері жан-жақты талқыланды. Президент соңғы уақытта қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жұмсайтын алаяқтардың көбейгеніне назар аударды. Оған қоса Мемлекет басшысының сөзінше, интернет-алаяқтық өршіп, көптеген азаматтың қаржылық шығынға ұшырауына себеп болып отыр. Демек бұл жағдай құқық қорғау органдарының және киберқауіпсіздік саласының жұмысын жетілдіру қажет екенін көрсетеді. Бұл мәселеге, соның ішінде «күмәнді» қайырымдылық қорларына қатысты жайтты құқық қорғаушы Айгүл Орынбек айтып берді.

− Қазіргі таңда мемлекетімізде түрлі қайырымдылық қорлары көбейіп кетті. Қайда барсаң да, ақша жинап жүрген қорлар мен олардың ел танымайтын мүшелері мен басшыларын көресің. Өкінішке қарай қайырымдылық қорларының атын жамылғандардың барлығы адал жолмен жүріп, шынайы мақсаттарға қызмет етіп жатыр деп айта алмаймын. Осы ретте тағы мына бір күдікті жайтқа тоқталғым келеді. Мысалы, жай ғана Kaspi қосымшасында 358 қайырымдылық қоры халықтан электронды түрде жылу жинау үшін тіркелген. Таңданатынымыз сол, бұл қорлардың кейбірі қандай мақсатта, не үшін құрылғаны белгісіз. Басшылары да көрсетілмеген, − деді А. Орынбек Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Сарапшы «мұндай қайырымдылық қорлары әлі де көбейіп кете ме?» деп алаңдайды.

«Дүкендер мен сауда сөрелеріндегі қайырымдылыққа деп қойылған жәшіктердің саны көп. Оларға салынған қаржының сұрауы жоқ. Бұл күмән тудырады», – дейді құрылтай мүшесі.

Жалған мәліметтің салдары

«Қайырымдылық қорларын» ашып, елді алдайтын алақтықтан бөлек, құрылтайда Президент ауыл шаруашылығы саласындағы алаяқтық әрекеттерді де сынға алынды. Айтуынша, мемлекет қағаз жүзіндегі мал басына жылдар бойы субсидия төлеп, бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келді. Сондықтан Президент мемлекеттік қызметкерлердің де осы схемаларға қатысқанын ашық айтты. Мұндай заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін салалық бақылауды күшейтіп, субсидия бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету керек екеніне тоқталды.

- Бірақ ауыл шаруашылығына қажетті қаржы салынған жоқ. Оған қоса бұл салада жемқорлықпен айналысатын алаяқтар белең алды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жат ағымдар» ұлттық бірлікке қауіп төндіре ме?

Одан бөлек Ұлттық құрылтайда руханият мәселесіне қатысты да маңызды мәселе сөз болды. Себебі құрылтай барысында жат діни ағымдардың жастарға, әсіресе спортшыларға ықпалы күшейіп бара жатқаны айтылды. Президент дін бостандығы сақталуы керек екенін атап өткенімен, жүгенсіздікке жол беруге болмайтынын ескертті. Себебі діни ұйымдардың қызметі ұлтты бөлшектеуге емес, ұйыстыруға бағытталуға тиіс. Өз сөзінде Президент Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің елдегі діни ахуалға алаңдап жүргенін айтты.

Әрине, дінді «жат» деп немесе «жаңа» деп бөлу дұрыс болмас. Кімнің неге сенетіні – әркімнің өз қалауында. Бірақ сол «сенім» қоғамды күстаналауға, ұлттық құндылықтарды мансұқтауға жол бермеуі қажет. Мысалы, Тik-Tok сияқты әлеуметтік желідегі белсенді қолданушылардың дінді қатты уағыздап, «домбыра харам», «мұсылман болсам, болды» деген сыңайдағы әңгіме көп айтылады. Сондай тұста Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов онлайн-платформалар арқылы теріс діни ағымға тәрбиелеп жатқандарды сынаған еді. Бұл пікірді сол кезде Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи де қостады.

«Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!», – деген еді депутат Е. Бәпи.

Сондай-ақ құрылтайда Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі заң қабылданғанына қарамастан, шалғай аудандарда бұл мәселенің өзекті болып тұрғанын айтты. Оның сөзінше, жат ағым өкілдері жағдайды одан әрі ушықтырып, әлсіз топтарды өз ықпалына тартуға тырысып отыр. Сондықтан бұл мәселеге кешенді көзқарас қажет: бір жағынан, заңнаманы күшейту, екінші жағынан, ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу маңызды.

Құрылтайда көтерілген мәселелер – сөз жоқ, қоғамдағы өзекті мәселелердің бір парасы ғана. Бұл тақырыптарды қоғам белсенділері, сарапшылар талқылап қана қоймай, нақты шешімдер ұсынды. Салық жүйесін әділетті ету, алаяқтықпен күрес шараларын күшейту, мемлекеттік қаржының ашықтығын қамтамасыз ету және жат ағымдарға тосқауыл қою – мұның бәрі де елдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды қадамдар. Сол себепті де осы істе мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен әрекеті шешуші рөл атқарады.

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT