«Апат айтып келмейді» дейді қазақ. Құлқының құлы көбейген сайын қауіп-қатер де, үрей де көбейетіні сөзсіз.
Ақырын жүріп, анық басатын ересек адам да өзі қай жерде жығылатынын, қай құдыққа құлайтынын білмейді.
Біреу үшін олжаның, біреу үшін қауіптің апанына айналды кәріз құдықтары. Ауданда құдық қақпақтарын ұрлау оқиғалары асқынып тұр. Осы мәселе бойынша аудан тұрғындары да жиі шағымданады.
«Атырау су арнасы» аудандағы өкілі Қоныс Төлеуовтың айтуынша «Береке» ықшам ауданында орналасқан 54 ауыз су құдықтарының қақпағының 7-еуін қолды еткен. Аудан көшелерінде орнатылған ауыз су және кәріз құбырларының құдықтарының ашық жатуы да қалыпты құбылысқа айналып барады. Ашық құдықтар талайды жазым етсе де, қу құлқынды ойлаған пысықайларға тоқтам болар емес. Бұл жауапты мекеме үшін үлкен шығын дейді. Қақпақтар сынған немесе жоғалған жағдайда тұрғындардың өміріне қауіп төнбес үшін қайтадан сатып алуға немесе уақытша жауып қоюға тура келеді. Қақпақтар мықты металл-шойыннан жасалады. Оны ұрлап, нәпақа табудың көзіне айналдырғандар өзгені ойламайтын тоғышар жандар. Ұрлағандар да, металл ретінде қабылдап алғандар да – қылмыскерлер. Олар қаншама адамның өміріне қауіп төндіреді. Өкінішке орай, жаза қаншалықты қатал болғанымен, ұрлау фактісі азаяр емес.
А.МАСАТҚЫЗЫ,
Сурет автордікі.