Есірткі грекше наркоз, ұйқымен ұмыттыру, жансыздандыру деген мағына береді.
Адамның сезімін толықтай жансыздандырады деуге болады. Осылайша, жас өскіндердің нашақорлыққа бейімделуі қоғамға қайғы-қасірет әкеледі.
Жасөспірімдердің нашақорлығы және оларды есірткіден оқшаулау әлемдегі ең өзекті және шешілуі қиын мәселе. Сондықтан әрбір ата-ананың міндеті – есірткіге жағымсыз көзқарас қалыптастыру арқылы ұрпағын салауатты өмір салтына баулу.
Қазіргі таңда жасөспірімнің теледидардан көретіні атыс, шабыс, бірін-бірі өлтіру, оның үстіне қасындағы үлкен кісілердің тартқаны темекі, ішкені арақ болса, баладан не күтуге болады? Сондықтан да, бала тәрбиесіне, оның бос уақытын кіммен және қалай өткізетіндігіне назар аударып, үнемі бақылап, отыру қажет. Балаға отбасы мүшелерінің сөзі, мінез-құлқы ғана емес, ондағы коршаған заттар да әсер етеді. Үйде кітап көп болса, отбасы иелері – әкесі мен шешесінің ұстағаны қағаз, қалам, оқығаны кітап болса, баланың да көз ашып көретіні қаншалықты әсер болатыны байқалады. Баланың естігені оқу – ғылым жайлы болса, әке-шешесінің сөзі де, сол болса, ондай баланың болашақта таңдап алар жолы да соған сәйкес болмақ әрине. Баланың мінезін, жалпы деңгейін, ынтасын жақсы білу үшін оның дамуына, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына не нәрсе қажет екенін әрбір ата-ана білуге міндетті. «Сіздің балаңыз қалай өмір сүреді, неге қызығады, нені сүйеді, нені қажет етеді, ең алдымен, сіз осыны білуіңіз керек. Осының бәріне сіз әрқашан өз балаңызды жастайынан баулуыңыз керек» - деп, А.Макаренко бекерден-бекер айтқан емес. Осыған орай жастар арасында нашақорлықтың зиянын насихаттау, жасөспірімдердің нашаға тәуелділігін болдырмау мақсатында №9 Мақат кітапханасында «Нашақорлық қоғамның рухани ауруы» атты насихаттау сағаты, «Нашақорлық XXI ғасыр індеті» атты суреттер көрмесі, «Нашақор – ғасыр індеті» атты дөңгелек үстел, тағыда басқа көптеген шаралар іске асырылып отырады.
Осындай қоғамдық – қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде, оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, жастарды спортқа, басқада мәдени ұйымдарға тарта отырып, олардың бос уақыттарын кіммен қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік мол.
Г.СҮНДЕТОВА,
№9 кітапхана меңгерушісі.