Ауданда қандай мамандар тапшы?

(0 Votes)

Бүгінде ел өңіріндегі барлық жоғары оқу орындарында жаңа оқу жылына құжат қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша елімізде 11 сыныпты 217 мыңнан астам оқушы аяқтаған. Олар үшін ендігі маңызды сәт – мамандық таңдау. 

Шыны керек, көпшілігі ата-анаға салмақ салмай мемлекеттік грантта оқуды армандайды. Сөйтеді де, грант көп бөлінетін мамандықтарға ұмтылады. Ал, кейбірі еңбек нарығындағы жалақысы жоғары мамандықтарға көбірек мән береді. Шекті балы жетпегендіктен кез келген мамандыққа тапсыратындар да жоқ емес. Жыл сайын әр сала бойынша мыңдаған маманның жетіспейтіні туралы айтылып келеді. Әсіресе, елімізде алдағы алты жылда еңбек нарығында кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшы мамандықтарына сұраныс әлдеқайда артатыны туралы айтылуда. Біз әріге бармай-ақ, аудандағы кадр тапшылығы мәселесі жөнінде сұрастырып көрдік.

ҰСТАЗДАРҒА ЖҰМЫС БАР

Бүгінде ауданның білім беру ұйымдарында барлығы 1053 педагог қызмет етеді. Білім бөлімінің басшысы В.Қабышевамен сөйлескенімізде ол 2025-2026 жаңа оқу жылына аудан мектептері бойынша 57 педагогке сұраныс барын айтады. Атап айтсақ, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, ма­тематика, физика, химия, алғашқы әскери дайындық, көркем еңбек пәні, информатика, педагог-психолог, логопед, дефектолог, музыка пәні және мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиешісі мамандықтары бар. Аталған мамандықтар бойынша үміткер мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның тапсырысы негізінде жоғары білім алып, GPA 3.33 балдан төмен болмаса, сертификат­таудан өткені туралы құжат ұсынған жағдайда конкурссыз-ақ жұмысқа қабылданады. Ауылда жұмыс істеудің артықшылықтары жетерлік. Жас мамандар үшін әлеуметтік қолдау, тәлімгерлік көмек, жалақыға қосымша 25% ауылдық үстемеақы қосылады. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген маманға 100 АЕК көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы және 2500 АЕК-ке дейінгі жеңілдетілген бюджеттік несие (үй алуға немесе салуға) алуға мүмкіндік бар.

ОФТАЛЬМОЛОГ ПЕН ТЕРАПЕВТ ЖЕТІСПЕЙДІ

Ұлт саулығы үшін қызмет ететін дәрігерлеріміздің еңбекақысы жыл сайын артып отыр. Тұрғын үй мәселесі де оң шешімін тапқан. Соған қарамастан, дәрігерлер тапшылығы әлі де жойылмай келеді. Аудандық орталық емханаға офтальмолог, тера­певт мамандары жетіспейді. Аудандық орталық емхананың бас дәрігері Сержан Сандыбаев жас мамандар­ды ауруханаға тарту мақсатында медициналық оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, мәселені шешу жолдарын іздестіріп жатқанын айтып өтті.

- Қазіргі таңда аудан бойынша 345 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Соның ішінде 52-сі жоғары білімді дәрігер. Кадр тапшылығын жою бағытында жұмыстанып жатырмыз. Сол жұмыстарымыздың нәтижесінде, биылғы жылдың өзінде емханамыз педиатр, реаниматолог, аудит-экс­перт, жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен акушер-гинеколог мамандарымен толықты. Жасыратыны жоқ, қазіргі жас мамандарды ауылдық жерге жұмысқа тарту мақсатында барлық жағдай жасалып жатса да, көпшілігінің келгісі жоқ. Өзі туып-өскен жеріне келіп, халқына қызмет етуге кел­генде жастарымыздың ат-тонын ала қашатындары қынжылтады. Сол себепті, балаларымыздың бойына осындай жауапкершілікті ерте жа­стан сіңіруге тиіспіз. Әсіресе, мектеп қабырғасы жас буынның қоғамға көзқарасы қалыптасып, дұрыс бағыт- бағдар алуына зор ықпал етеді, - дейді бас дәрігер.

ТЕАТР ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНСА, МАМАНДАРҒА СҰРАНЫС АРТАДЫ

Ауданның мәдениет саласында да мамандар жетіспеушілігі байқалады. Қазіргі таңда аудандағы мәдениет үйлеріне 3 методист, 4 суретші, 3 ре­жиссер, 7 хореограф және 10 мәдени ұйымдастырушы мамандарының қажеттілігі туып отыр. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас­шысы Ж.Дүйсембаев алдағы уақытта халықтық атағы бар театр жұмысын жандандыруды жоспарлап отырғанын айтады.

- «Алға» халықтық театры 1973 жылдан өнер көрсетіп келеді. Алайда бұған дейін театрға қаражат мүлдем қаралмаған. Театрды жанданды­ру бағытында бізге режиссердің көмекшісі, актерлер, гример, жарық қоюшы, музыкант, хореограф маманда­ры қажет болады. Ұлттық руханиятты, мәдени мұраны сақтап, театр жұмысын жандандыру үшін жергілікті атқарушы биліктен қолдау күтеміз, - дейді ол.

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ

Бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бірқатар бағдарламалар қолға алынған. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында ауданымызда 128 адам жұмыспен қамтылған. Аудандық мансап орталығы маманда­ры берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері жұмыссыздар есебіне 1804 адам тіркелген болса, 456-сы жастар. Жастарды жұмыспен қамту бағытында қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін беріп келеді. Мәселен, биылғы жылы «Жа­стар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 59 адам, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен 18 адам, «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламасымен 2 адам, «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы аясында 11 адам, «Қоғамдық жұмысқа» 82 және тұрақты жұмыс орнына 256 жас орналасқан.

Кадр тапшылығы бүгін пайда болған мәселе емес. Бұл мәселені жоюға өзге өңірдің емес, осы өңірде туып-өскен ұл-қыздарымыз атсалысса нұр үстіне нұр болар еді. Біз көтерген тақырып мектеп бітіруші түлектерге бағыт- бағдар береді деген сенімдеміз.

Б.САПАРОВА
Махамбет ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT