Ат үстіндегі ұлттық спортты ұмыт қылмай жүрген ауданымыздан шыққан, аударыспақтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 82 салмақ дәрежесіндегі 1 орын иегері - Бекзат Ғарифолла.
Ол бұл спортқа деген қызығушылығын оятқан облыстық аударыспақ спортының аудан бойынша бапкері Исламбек Сағидоллаев болды дейді.
«Аударыспақ – нағыз жігіттердің ойыны. Бұл спорт маған тек физикалық күш ғана емес, батылдық пен ептілікті де үйретті. Аударыспақ спортына 15 жасымда бірінші рет бағымды сынадым. 2022 жылы Көкшетау қаласында өткен аударыспақ жарысында 71 келі салмаққа шығып, үшінші орын иелендім. 2023 жылы Қостанай қаласында өткен сайыста да 71 келіге шығып, жүлделі орын алдым. 2024 жылы Шымкент қаласында жасөспірімдер арасындағы аударыспақтан 82 келі салмаққа шығып, Қазақстан Республикасының чемпионы атандым.
Осы жеңістеріме бірден-бір себепкер ағам Өнербек Жанбалаев болды. Барған сайыстарымда да сол кісінің «Қырғызқасқа» есімді атымен қатысқанмын.
Жалпы, атпен жұмыс істеу де – өз алдына бір өнер. Аударыспақты тек ұлттық мұрамыз емес, болашағы зор спорт түрі ретінде көремін. Алдағы уақытта аударыспақтан ұлттық құрама қатарына кіріп, әлемге еліміздің атын шығарғым келеді», - дейді өз мақсатымен бөліскен жас спортшы.
Иә, ұлттық дәстүр мен рухты дәріптейтін аударыспақ – нағыз шыдамдылық пен ер мінезді талап ететін спорт.
Ауданымыздың атын шығарып жүрген жас спортшының бұл саладағы жетістігі – өңіріміз үшін үлкен мақтаныш.
Ол өз табандылығымен қатарластарына үлгі болып, ұлттық спорттың дамуына серпін беріп келеді.
Б.Серік