Қазақстандық, әлемнің 412-ракеткасы, 30 жастағы Денис Евсеев елордада Президент кубогы үшін өтіп жатқан челленджер турнирінің финалына жолдама алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингте 357-орында тұрған 22 жастағы түркиялық Янки Эрельмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Денис 3:1 есебімен алға кеткенімен, түркиялық спортшы таразы басын теңестірді.
Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте Евсеев тағы бір брейк жасап, сетті аяқтады – 6:4.
Екінші сет барысында қазақстандық спортшы екі рет брейк жасап, есепті 5:2-ге жеткізді. Бірақ матчқа доп бергенде, нүкте қоя алмады. Тек екінші мүмкіндігін пайдалана алды – 6:4.
Осылайша, қазақстандық спортшы Президент кубогы үшін додада екінші рет финалға жолдама алды. Денис Евсеев бас жүлде үшін рейтингте 550-сатыдағы өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен кездеседі.
Ол әлемнің 570-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскийді оңай ұтты – 6:3, 6:1.