Қаңыраған зал, құлазыған көңіл

(0 Votes)

Бейсенбінің кешінде Жылыой ауданының "Зағиптар арманы" қоғамы өнерпаздарының "Жүрегім соғып тұрғанда" атты тәуелсіздік күніне арналған қайырымдылық ән кеші өтті.

Концерттік бағдарламаларын бұған дейін Құлсары және Атырау  қалаларында өткізіп үлгерген Жылойлықтардың бұл үшінші ән сапары екен. Алдымен сөз алған аталмыш қоғамның төрағасы Руслан Есенгулов жиылған өнер сүйер қауымды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, атқарып жатқан әрекеттеріне тоқталып өтті.

img_8200

Кеште әуелеген ән де, құбылған күй де, бұралған би де болды. Сахнаның сыртынан сығалап, кезегін күтіп тұрған балғын бүлдіршіндер мәз. Әттең қаңыраған зал, оны көріп құлазыған көңіл. Саусақпен санарлық көрерменнің осыншалықты аз жиналуына кіру билетінің қымбаттығы себеп деп қалды мәдениет үйіндегілер. Тіпті атағы "жер жарған" жезтаңдайлардың өзі әрі кетсе билет құнын 1000 теңгеден асырмайды екен. Бірақ бұл аты айтып тұрғандай қайырымдылық бағыттағы концерт деп афишада анық жазылған ғой. Тегін концерттерде талғампаз адамның кейпімен отыратын тұрғындардың қайырымдылық кешіне сараңдығы ұстады ма әлде шынымен де жұмыстан бас ала алмады ма бұл жағы тек өздеріне аян. Білеріміз, көруге келгендер тым құрығында бұл қабілетінің бар екеніне шүкіршілік етер еді.  

img_8256

 
Көз жанарынан айырылса да, көкірек көзінің ояу екенін Мансұрдың шырқаған кезде шынайылықтың иісі аңқып тұрған әндерінен анық аңғаруға болады. Ол "Ана туралы жыр", "Ағаларым" секілді ескірмес есті әндерді орындағанда  оның тұп-тұнық дауысы тыңдарманын еріксіз елжіретеді. Ал Базарбай ағамыздың  дауысын кескініне көз салмай тыңдаған адам сахнада құдды Заттыбек әншінің өзі тұр деп ойлар. Ағамыз тірі дауыспен шырқап кеп жібергенде кәнігі әншілерден асып кетпесе, кем түспейді.

img_8227

Күміс апаның күмістей сыңғырлаған дауысына да кез келген жанрдағы ән үйлесе кетті. Жаңа ғана Мансұр ағасын сахнаға жетектеп шыққан Махамбет те жай жүрмеген екен. Маңғыстаулық жас әнші Дінмұхамбет Жақыптың орындауында бір кездері ресей аудиториясын аузына қаратқан "Мама" әні бұл жолы Махамбеттің орындауында ерекше көрініс тапты. Бойында бар қабілетін көрсеткендердің легі бұнымен шектелмеді. Дайындық деңгейлері де өте жоғары. Тыңдарманның аздығына қарамай керемет кеш сыйлаған қонақтарымызға кеш соңында  "Зағиптар арманы" аудандық бөлімшесінің   төл ағасы  Құбаш Байғазиев өз алғысын білдіріп, гүл шоқтары ұсынылды. 

А.САДЫКОВ
Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT