"Отырар сазы" аудан төрінде

(0 Votes)

Мақат ауданының құрылғанына 95 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан төрінде аудан әкімі Жұмабай Ғаббасұлының ұйытқы болуымен Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" академиялық фольклорлық этнографиялық оркестрі өнер көрсетті.

Аудан төріне бір кездері Нұрғиса ағамыздың бастауымен келген бұл оркестр араға отыз үш жыл салып өзінің туған қызы Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиеваның жетекшілігімен қайта табан тіреді. Бұл жолы оркестердегі аға әпкелерімен бірге аудандық балалар өнер мектебінің шәкірттері де құрама оркестрде өнер көрсетті. Бұл өнердегі жас өрендердің армандарына айрықша қанат бітіргені даусыз. Қазірдің өзінде кәсіби дағдыланған оркестр мүшелерінің орындауындағы әдемі күйлерді олардан еш кем түспестен іліп ала жөнеліп, жұртшылықты сүйсіндіріп отырды. Осыдан- ақ олардың ішінде болашақ Нұрғиса мен болашақ Жұбановтардың отырғанын топшылау қиын емес еді. "Ата толғауымен" басталған әдемі кеш әрі қарай "Көш керуен", "Әлқиса"," Бозінген" және тағы да басқа күйлермен көмкерілді. "Елімнің әнге қосып салтанатын, Көмекейден күн бүгін ән таматын" деп Ғарифолланың әнін Жанаргүл Сәркенова нақышына келтіріп орындап, талғампаз көрерменді тағы бір тәнті етті. Бірнеше халықаралық жарыстардың лауреаты Фархат Көбеевтің әуелете салған "Еділ мен Жайығына" ел дән риза болысты. Кеш соңы аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатқа ұласып Дінзухра Нұрғисақызының иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Мерекеге жиналған аудан жұртшылығы өнерпаздарға ақ алғыстарын жаудырып,шығармашылықтарына сәттілік тіледі.

А. САДЫҚОВ,

суреттерді түсірген М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT