Облыс әкімінің орынбасары Нұршат Құсанованы құттықтады

(0 Votes)

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы ІІ маусымының жеңімпазы Нұршат Құсанова мен әкесі Мақсот Құсановты қабылдады.

Кездесуде Жасұлан Бисембиев мегажобада аймақтың намысын қолдан бермеген жас әншіні жеңісімен құттықтап, Алғыс хат табыс етті.

- Өзіңдей өнерпаз бүлдіршіннің жеңісіне күллі қазағың қуанып, алғысын жаудырып жатыр. Ағеділ көңіл Атырауыңның, қасиетті туған жеріңнің ниеті тіптен бөлек. Халқымызда: "Талаптыға нұр жауар" деген нақыл бар. Сен де таудай талабыңмен талантыңды айқындап, әсем әніңмен Атыраудың атын асқақтаттың. Өнерің өрге жүзсін. Ата- анаңның, достарыңның, жанкүйер жұртыңның ақ арманын жүзеге асырған Жаңа Қазақстанның ғажайып әншісі болуыңа тілектеспіз. Алтын жүрегің қуанышқа толып, талантың жеңістерден жеңіске жетелей берсін, - делінген Алғыс хатта.

Кездесуде Нұршат Құсанның алдағы жоспары, жобада өткен күндері, финалға дайындығы, жерлестерінің көрсеткен қолдауы сынды тақырыптарда әңгіме өрілді.

Өз кезегінде Мақсот Құсанов арнайы кездесу ұйымдастырып, қызы Нұршатқа ерекше ілтипат көрсеткен облыс әкімінің орынбасарына алғысын білдірді.

- Бүгінгі ерекше құрметіңіз үшін рахмет. Жобада жеңімпаз атанған күннен бастап толаусыз құттықтаулар келді. Сіздің ең бірінші әлеуметтік желіге жариялаған құттықтауыңызға марқайып, жерлесіңізге деген құрметіңіз үшін бас идік. Алдағы уақытта қызымның басқан әр қадамына қолдау білдіріп, жеңісті күндердің қуанышына бірге ортақ боламыз деген сенімдемін, - деді М.Құсанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT