Өңірімізде бірі білсе, бірі білмес, велосипед спорты жақсы жолға қойылған. Велотурға қатысуға ынта білдірген жастардың қатары да жыл сайын артып, көбейіп келеді. 2014 жылы ауданда алғаш рет «VeloMAKAT» атты велосипедшілер клубы құрылды. Негізін қалаушылардың басты мақсаты ауданда велосипедшілердің мәдениетін қалыптастырып, осы спорт түрін насихаттау болды.
Мақат кентінің тұрғыны Абзал Аманчиев – ауданда велоспорттың негізін қалаушылардың бірі. Ол алғашқыда жұмысқа қатынау үшін денсаулыққа пайдасы мол осы екі аяқты көлікті таңдаған.
«Басында жұмысқа барып келу үшін велосипед алдым. Бұл көлік біріншіден, өте қауіпсіз, екіншіден денсаулыққа да пайдалы. Кейін бұл жаныма жақын серігіме айналды. Көп ұзамай жұмыстасым Ардақ Қасымов та велосипед алады. Екеуміз бірге сосын велосипед тебуді ұнататын адамдарды жинау үшін әлеуметтік желілерден топ ашқан болатынбыз. Содан әуесқой велосипедшілер осында жинала бастады»,- дейді Абзал.
Топ құрылғаннан кейін қарқынды жұмыс басталады. Велосипедшілер ауданда ұйымдастырылған бірнеше жарыстарда топ жарады. Уақыт өте Атыраудың белсенді велотоптарымен тығыз байланыс орнатып, олардың ұйымдастырған жарыстары мен шерулерде бақ сынайды.
Уақыт өте келе, велосипедшілер кішкентай Мақатқа «сыймай» бастайды. Велосипедшілер тек қана веложарыстар мен кент ішіндегі серуендерді місе тұтпай, бірнеше күндік спорттық велотуризмге қарай бетбұрыс жасайды. Содан бір күндік әртүрлі қашықтықта велосаяхат ұйымдастыруды қолға алады. Жайынбай, Кенбай, Доссор, Таскешу көне қалашығы, Атырау, Құлсары бағытында тур жасап, әртүрлі қашықтықты бағындыра бастады. 2018 жылы Венгриядан келген екі туристпен бірге аудан велосипедшілері Мақат-Ақтолағай-Құлсары бағыты бойынша жолға шығып, шамамен 320 км қашықтықты 5 күнде жүріп өтеді. Араға бір жыл салып 2019 жылы қыркүйекте 5 велосипедші Мақат-Ақкегершін-Иманқара-Мақат бағытымен 300 км жолды үш күнде бағындырып, Иманқара тауындағы темір дәуірінде пайда болған үңгірге саяхаттап қайтты. Биыл 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Данияр Қазақбаев, Руслан Тажмұханов, Қанат Құбайдоллаев, Рүстем Шилбаев секілді велошабандоздар Мақат-Бейнеу-Үстірт-Сайөтес-Шетпе-Жыңғылды-Таушық-Ақтау бағытында 7 күн жүріп, шамамен 800 км жолды артта қалдырды. Осылайша олар велоклубтың рекордын жаңартып отыр.
Велошабандоздар көпкүндік турларға жаздың аяғы, күздің басында шығады екен. Себебі, жеріміздің ауа райы жазды күндері аптап ыстық болып, қолайсыздық тудырады. Ал, біркүндік турларға кез келген уақытта шыға беруге болады. Шабандоздар көпкүндік турларға тек кәмелет жасқа толғандарды ғана бірге ертеді. Әрине, велотуризммен ай-налысып, алыс сапарларға сапарлау үшін екі аяқты көлік те талапқа сай болуы керек. Дегенмен, велосипедшілер турға кез келген велосипед жарайтынын айтып, бастысы, адамның өз ынтасы болу керек деген пікірде.
Қазіргі уақытта Мақатта велосипедшілердің саны күннен күнге көбейіп келе жатыр. Соның ішінде белсенділік танытып, клубпен байланыста жүргені - 15 адам. Әрине, сан емес, сапаға мән беретін велошабандоздар бұл толық санының көрсеткіші емес дейді. Өйткені, ауданда велосипедшілердің клубы бар екенін бірі білсе, бірі білмейтіні жасырын емес.
Бұқаралық спорттың дамуына жерлестеріміздің де қосып жатқан үлесі аз емес. Соңғы жылдары велосипедке қонғандардың қатары да көбейді. Шығыны аз, денсаулыққа пайдасы мол қозғалыс құралын пайдаланатын мақаттықтардың саны айтарлықтай артқан. Жұмысқа қатынаудан бөлек, балабақшаға балаларын велосипед арқылы таситын ата-аналарды ара-тұра көзіміз шалып қалады. Алайда, велосипедті «ерттегендердің» алдынан шығатын кедергі көп. Өз жолдары болмағандықтан, тротуарларды жол қылған велосипедшілердің де кент тұрғындарына сүйкімі жоқ. Өйткені, тротуарлардың көбі тар болғандықтан, жүйткіп келе жатқан велосипедтің жаяу жүргіншілерді қағып кету қаупі зор.
«Автокөлік және жаяу жүргіншілер инфраструктурасымен қатар, ауданда велоинфраструктураны да дамыту қажет, бұл дегеніміз Мақатта тек автокөлік пен жаяу жүргіншіге ғана қолайлы жағдай тудырмай, веложолдар мен велобекеттер салу арқылы велосипедшілер санының көбеюіне ықпал жасау керек. Тізе берсек, түйткіл көп. Осыған аудан әкімдігі мән берсе дейміз. Осы ұстанымдарымызды тоқтатпай, ары қарай ауданда велосипедизацияны дамытуға үлес қосқымыз келеді»,- дейді Абзал Аманчиев.
Қос дөңгелекті көлікке мінген шабандоздарды қынжылтатын келесі бір мәселе – ауданда салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық шаралардың, велошерулердің жиі ұйымдастырылмайтыны. Осы бағытта велосипедшілер әкімшілік және аудандық спорт бөлімімен байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жасауға ниетті. Аудан велосипедшілері қатарын көбейтіп, басқа да бағыттарға турлар ұйымдастыруды жоспарлауда. Алдағы уақытта велосипед мінген тұрғындар арасында жарыс ұйымдастырып, өзге де жерлестерге үлгі-өнеге көрсетпек. Бұқаралық спортты ұлықтаған ұжымның қатары көбейіп, салауатты өмір салты дәріптеле берсін демекпіз.
Толығырақ газетімізден оқи аласыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА