Мақатта композитордың шығармашылық кеші өтті

(1 Vote)
Мақатта композитордың шығармашылық кеші өтті
фото: Аудандық мәдениет үйінің фейсбук парақшасынан алынды

Адамдардың барлығы өнерден құр алақан болмайды десек те, саф өнер екінің біріне қона бермейтін қабілет. Біреу жезтаңдай әнші, біреу мың бұралған биші, енді бірі аузымен құс тістеген шешен болуы мүмкін. 

Соңғы кезде ауданымыздан түлеп ұшып, мұнайлы өлкенің мақтанышына айналып жүргендердің қатары аз емес. Соның ішінде ән әлемінде қыран құстай қалықтап, мәдениет саласына еңбегі сіңіп жүрген Бақытбек Сартбаевтың орны бөлек.

Қараша айының 28-і күні аудандық мәдениет үйінде композитор, әнші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бақытбек Сартбаевтың «Елге сәлем» атты шығармашылық кеші өтті. Кештің тізгінін Республикаға танымал айтыскер ақын, көптеген хит әндерге сөз жазған Нұржан Өмірбаев ұстады.

Концерттік бағдарлама халықаралық конкурстардың лауреаты «Інжу-Маржан» би ансамблінің көркемдеуімен кеш иесі «Сыған серенадасы» әнін шырқауымен басталды. Кейін ол «Асыл жар», фортепианода «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Болат Қохамановтың қоштауымен «Айттым сәлем, қаламқас», «Наз қоңыр» және Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Меруерт Уәлимен бірігіп «Con te partirò» әндерін шырқады. Шығармашылық кештің екінші бөлімінде көрермен назарына Бақытбек Сартбаевтың балаларының өнері ұсынылды. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының студенті Айдын Мырзағали домбырада Халық әні «Айтжанды» орындаса, Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының оқушысы Эльназ Мырзағали фортепианода «Фантазия» композициясын ойнап берді. Ал, Айсұлтан Мырзағали саксофонда «Простецкий парень» туындысын ойнады.

Үшінші бөлім Гүлвира Тұрақбаева жетекшілік ететін «Інжу-Маржан» би ансамблінің «That is Amore» әніне вальс билеуімен басталды. Қалған уақытта Бақытбек Сартбаевтың композитор ретінде жазылған әндері айтылды. Атап айтар болсақ, аудандық мәдениет үйінің «Шаттық» би тобының көркемдеуімен республикалық конкурстардың лауреаты Азамат Ізниев жергілікті ақын Қажымұқан Елеместегінің сөзіне жазылған «Кел, Мақатқа», Халықаралық конкурстардың лауреаты Айбар Ғаниұлы Бақытбек Сартбаевтың өз сөзіне жазылған, кезінде жастар арасында кеңінен танымал болған «Ғашығым», Хамиль Сүйекбаев, Азамат Ізниев, Бақытбек Сисенғалиев, Венера Машкалиева және Әсет Алиевтердің квинтеті Асантемір Қаршығаұлының сөзіне жазылған «Тәуелсіз елім», Республикалық конкурстардың лауреаты Мерей Қабдолов кеш иесінің сөзіне жазылған «Кездесу», фортепианода Болат Қохамановтың сүйемелдеуімен Украинада өткен Халықаралық «Молодина галичина» конкурсының лауреаты Мейіржан Қабдолов Арман Жайықбайдың сөзіне жазылған «Ай-Ару», облыстық филармонияның бір топ әншілері Әлия Дәулетбаеваның сөзіне жазылған «Біз елдің еркелеріміз» әндерін орындады. Әдемі кештің концерттік бағдарламасы «Інжу-Маржан» би ансамблінің көркемдеуімен Халықаралық конкурстардың лауреаты Венера Машкалиеваның «Арайлы Атырау» әнімен өз мәресіне жетті.

Концерттік нөмірлерден соң арнайы шақырылған алыс-жақыннан келген қонақтарға құттықтау сөз кезегі берілді. Олардың қатарында аудан әкімінің құттықтау хатын жеткізген орынбасары Ербол Ермағамбетов, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева, Қызылқоға аудандық «Арман» мәдениет үйінің директоры Кенжебек Нұрланұлы, Индер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Базарғалиқызы, Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры Ербол Ідірісов, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның басшысы Хамиль Қосшығалиұлы, облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Жәнібек Қайратұлы, жерлес ағасы Болат Амангелдіұлы бар.

Ең соңында Бақытбек Сартбаев кешті ұйымдастыруға атсалысқан аудандық мәдениет үйіне, облыстық халық шығармашылығы орталығына, облыстық филармония ұжымына және басқа да көмектескен әріптестері мен қолдап келген халыққа алғысын білдірді.

Залды лық толтырған мақаттықтар жуырда ғана ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иемденген ұлдарының жерлестері алдында есеп беруінен риза болып тарқасты.

А.ЕСЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521